Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

11 Қазан 2022, 22:07
1189
Бөлісу:
Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті
PHOTO

Жетісу облысында күріш жинау науқаны аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл өңірде күріш өсіретін жалғыз өңір – Қаратал ауданы. Жер ыңғайы мен климаттық ерекшелігіне қарай дәнді дақылдың осы түрімен мұнда 3 ірі шаруашылық және онға жуық шағын шаруа қожалығы айналысады. Биыл аудан 3 мың тоннадан астам өнім алды.

Жалпы Қаратал ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, ауданда 24 800 гектар суармалы егістік болса, соның 8 мың гектары - дәнді дақыл. Өткен жылы күріш 800 гектарға егілсе, биыл 950 гектардан өнім жиналды. 

Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

«Үштөбе» ЖШС директоры Арман Ахметбаев - Қараталдағы күріш өсірумен айналысатын ірі фермерлердің бірі. Жиырма жылдан астам уақыттан бері егіншілікті кәсіп еткен шаруашылықтың 1351 гектар жері бар. Онда майбұршақ, дәнді дақылдар мен мал азығы егіледі. Биыл күрішті 260 гектарға сеуіп, одан 1100 тоннадан астам дән жинады. Өнімнің орташа шығымы 40ц/га.

Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

Бұрнағы жылдарға қарағанда биыл су жеткілікті, ауа райы да қолайлы болды. Соған қарай өнім жақсы шықты. Қазір жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Дақылды сабағынан кесеміз, бір аптадай алқапта күн астында жатып қураған соң күріш дәні жиналады. Сосын қоймаға апарып бастырамыз. Серіктестіктің цехында қаптап, нарыққа жөнелтеміз. Өніміміз негізінен жергілікті тұрғындарға саудаланады, Жетісу мен Алматы облысының сауда орындарына жіберіледі, - деді серіктестік директоры А.Ахметбаев. 

Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

Директордың айтуынша, күріш алқабында ауыспалы егіс талабы қатаң сақталады. Осы мақсатта күріш былтырғыға қарағанда биыл азайтылып 260 гектарға егілсе, келесі жылы оның көлемі қайтадан 500 гектарға жеткізіледі. 

Аудандағы күріш бағытындағы сервистік дайындау орталығы осы шаруашылық базасында, яғни онда жаңа 11 ауыл шаруашылығы техникасы шоғырланған. Ал жалпы серіктестіктің өзінде 6 комбайн, 23 трактор бар. Шаруашылықта 18 адам жұмыс істейді. 

Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

Бізде күріштің қызылордалық «Янтарь» және ирандық «Кусар» сорттары егіледі. Бұл екі сортқа белгілі себептермен тоқталдық. Ауданымыз салыстырмалы алғанда солтүстік аймақта орналасқандықтан және Қаратал өзенінің басында отырғандықтан, алқап суаратын су жылып үлгермейді. Біздің осындай ерекшелігі бар климатымызға осы екі сорт көбірек қолайлы. Өнім сапасын төмендетіп алмау үшін екі жылда бір рет тұқымды жаңартып отырамыз. Өзім зейнетке шыққанмын, бірақ шаруашылыққа көмектесіп, тәжірибемді жастарға үйретіп келемін, - дейді серіктестіктің агрономы Вилорий Цой. 

Мемлекеттен тұқымға, тыңайтқыштарға, гербицидке берілетін субсидия шаруаларға едәуір көмек болған. Оған қоса ауданға көктемгі және күзгі жиын-терінге 800 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінсе, соның 80 тоннасын осы «Үштөбе» ЖШС кәдесіне жаратқан. Осы ретте биылғы жылы облыста ауыл шаруашылығын қолдауға 27,9 млрд. теңге бюджет қаражаты бөлінгенін, оның 23,2 млрд. теңгесі субсидияға жұмсалғанын атап өтуге болады. 

Қараталдық шаруалар күріш жинап бітті

Жалпы Қаратал ауданында 1183 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бар, соның 400-і егінмен, 450-і мал өсірумен айналысады, сол сияқты 333 аралас шаруашылық пен 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы