Қарашөкеев Даниал Ахметовтің қызы туралы: Оның әкесінің кім екені бізге бәрібір

4 Шілде 2023, 12:43
1104
Бөлісу:
Қарашөкеев Даниал Ахметовтің қызы туралы: Оның әкесінің кім екені бізге бәрібір
Фото: BAQ.KZ - архив

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Даниал Ахметовтің қызы жеке кәсіпкер ретінде Павлодар облысында субсидия алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

БАҚ өкілдері министрден ШҚО-ның бұрынғы әкімінің қызына тиесілі ЖК неліктен Павлодар облысында субсидия алған жалғыз аграрлық ұйым болып шыққанына қатысты сұрады.

Министр Gosagro жүйесінде 50 мыңнан астам тауар өндіруші барын, ал субсидия алушылар адами факторсыз, автоматты түрде анықталатынын алға тартты.

Олар өз жерлерін, малдарының бар екендігін көрсетеді. Ешкім олардан: «Әкең кім, шешең кім?» немесе «Өзің кімсің?» деп сұрамайды. Жүйе объективті түрде қарап, егер негіз болса, субсидияны төлейді. Егер ақша жоқ болса, күту парағына кезекке қойылады. Мен өз басым министр ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бөлмеймін: олардың әкесі кім, шешесі кім, жағдайы қандай, бай ма, кедей ме, бәрібір. Бізде заң, ереже бар. Сол арқылы субсидия алуға нақты талаптар арқылы жол беріледі. Құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой, - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдеріне нақты ақпарат алу үшін ресми сұраным жіберуді ұсынды.

Егер бұл заңнама аясында болса, жауап береміз. Сұраныс жіберіп, қарай аламыз. Шешімді ауыл шаруашылығы басқармасы мен құқық қорғау органдары қабылдайды. Субсидия беру кезінде заң бұзылмаса болды. Құқық қорғау органдары егер бұзушылықтар болса, өз бағасын береді, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы