Қарақат Әбден жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін көргенін айтты

16 Қазан 2024, 16:03
551
Бөлісу:
Қарақат Әбден жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін көргенін айтты
Фото: - Архив

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауылдың жағдайын жақсартуға жыл сайын ауқымды қаржы бөлінсе де, жобалар дұрыс орындалмай жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдады.

Мемлекет зор қолдау көрсетсе де, іс жүзінде не көріп отырмыз? Қаражат игерілмейді, мерзімдер бұзылып, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның бір үлкен себебі – көбінесе аудан әкімдерінің кәсіби біліктігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы. Өңірлерге барып, халықпен кездескенде екі қолын алдына қойып, бос отырған, жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін бірнеше рет көрдім, - дейді депутат.

Қарақат Әбден облыстардағы ауыл мектептерін мысалға келтірді. Сөзінше, күрделі жөндеуге бюджет қаражаты аз болуы мүмкін, бірақ бұл мектеп ауласының жиналмай жатуына, оны қалай болса солай ұстауға сылтау болмауы керек. Қоршауларды бояп, ағаштарды ағарту, гүл отырғызу үшін көп ақша керек емес.

Сондай-ақ депутаттың ойынша, фламингомен танылған Қорғалжын қорығында туризмді дамытып, тағы бір ерекше объектіге айналдыруға болатын табиғи қорық. Бірақ айналасындағы инфрақұрылым мәз емес. Бұған да көп қаржы қажет емес, мемлекеттік бюджетке қарамай-ақ, әкім өзі кірісіп, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, қонақүй, тамақтану орындарын, кәде-сый дүкендерін ашып қоюға болар еді.

Мінекей, мемлекет бөлетін қаражат ұлғайса да, халық нақты нәтиже көріп отырған жоқ. Менің ойымша, аудан әкімдерінің бастама көтеруге ынтасыз болуының басты себебі – адами фактор. Әкімдер көбінесе өз қызметін мансап жолындағы уақытша кезең деп қабылдайды. Олар облыс басшысының көзіне түсіп, өз мансабының келесі сатысына өтуге ұмтылады. Осылайша, бірінен соң бірі тағайындалып жатқан әкімдер білімдерін арттыруға ұмтылмайды және аумақтарды дамытуды өз міндетім деп санамайды. Олардың біразы тіпті сол аудандарда тұрмайды да, өз отбасыларын көшіріп апармайды. Олар балалардың мектепке қандай жолмен баратынын, мектеп асханасындағы тамақ сапасының қандай екенін, сол жердің тұрғындары бос уақытын қалай өткізетінін білмейді. Тұрғындарымен қоян-қолтық араласпаса, ол әкім ауданды қалайша тиімді басқарады? Мысалы, мен өзім барған ауылдар тұрмақ аудан орталықтарында тұрғындар әкімнің кім екенін білмейді, - деп айтты Қарақат Әбден.

Оның сөзінше, әр шаңыраққа кіріп, жағдайларын сұрап, бір пиала шай арсында әрбір тұрғынмен тіл табысатын әкім жоқ.

Президент биыл өз Жолдауында 2025 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланады деп жария етті, бұл жағдайды түбегейлі өзгертуге тиіс. Халық сайлаған соң, әкім олардың үмітін ақтауға міндетті болатыны анық. Бұлай болмайынша, мемлекеттік бағдарлама қабылдасақ та, қаражат бөлсек те пайда бермейді, - деді Мәжіліс депутаты.

Ол мынадай ұсыныстар айтты:

1. Аудандық әкімдіктердің тарабынан жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейтіп, аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін арттыру.

2. Әр өңірдің мықты тұстары мен әлсіз тұстарын ескеріп, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеу.

3. Аудан әкімдерінің есептерін жылына екі рет тыңдап, жұмыс тиімділігін бағалау.

4. Ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын диқандармен өзара іс-қимыл жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау.

5. Аудан әкімдерін «Жаңа формация жетекшісі» бойынша оқытуды жалғастырып, аудан әкімдерінің біліктілігін арттыру.

Өзгелердің жаңалығы