Қарақат Әбден фермерлерді барлық салықтан босатуды ұсынды

20 Сәуір 2023, 12:07
1272
Бөлісу:
Қарақат Әбден фермерлерді барлық салықтан босатуды ұсынды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, қазіргі ауылдың жай-күйін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазақтың қасиетті құт мекені – ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Ол онсыз да саны жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуі қажеттігін айтты.

Ауыл жағдайы құлдыраса, қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ. Осы орайда ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Мұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғуда, - дейді Қарақат Әбден.

Бұл мәселені «Ауыл» партиясының фракциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағдары арқылы шешуді ұсынады.

«Ауыл» партиясының фракциясы ауылды көтеруге қатысты ұсыныстарын айтты.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл - «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі. Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы, - деді Мәжіліс депутаты.

Сөзінше, көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту.

Мысалы, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықты қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімінің 0,5 пайызына да жетпейді.

Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді.

Соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш-тілек жолдаған екен.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаяды, - деп айтты Қарақат Әбден.

Өзгелердің жаңалығы