Қарағандылық кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген

4 Шілде 2024, 12:16
193
Бөлісу:
Қарағандылық кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген
Фото: Артём Чурсинов - архив

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азық-түлік тауарларын шекті үстемесінен жоғары бағада сатқан 29 кәсіпкерді анықтады. Бизнес өкілдері жауапқа тартылып, айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздегі заңнамаға сәйкес кәсіпкерлер әлеуметтің осал топтары үшін маңызды 19 түрлі азық-түліктен өзге тауарға бағаны өздері қоя алады. Осы әлеуметтік маңызды тауарларға қосылатын үстеме 15 пайыздан аспауы тиіс. Алайда, кей жағдайда бұл көрсеткіш 20-40%-ға дейін жетеді.

Әлеуметтік маңызды тауарлардың қатарына 1 сұрыпты ұн, 1 сұрыпты ұннан дайындалған нан, өлшенген макарон мен қарақұмық жармасы, С-1 санатындағы жұмыртқа, қант, майлылығы 72,5%-дан кем емес сары май, еттің кейбір түрлері, майлығы 2,5%-дық жұмсақ қаптамадағы сүт пен айран, майлылығы 5-9%-дық ірімшік, картоп, пияз, сәбіз, капуста және ас тұзы жатады. Осы тауарларға қосылатын үстеме баға 15%-дан аспауы қажет. Біздің департамент облыстық әкімдікпен, басқа да уәкілетті органдармен бірлесе шекті үстеменің сақталуын, азық-түлік бағасын қадағалайды, - дейді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жанат Асантаев.

Шот-фактураларға жасалған талдау мен уәкілетті органдардың жұмысы нәтижесінде 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі сауда субъектілеріне жоспардан тыс 43 тексеріс жүргізіліп, бағаны негізсіз көтерген 29 факті анықталды. Осы фактілерге байланысты әкімшілік іс қозғалып, 22 кәсіпкерге ескерту жасалса, жеті бизнес нысанына айыппұл салынды. Сонымен қатар, тауардың сөредегі және кассадағы бағасы әртүрлі болған бизнес субъектілері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өзгелердің жаңалығы