Директор: Мұғалімдер бөлмесін бос әңгіме айтатын орынға емес, үйренетін ортаға айналдыру керек

5 Шілде 2024, 15:49
19330
Бөлісу:
Директор: Мұғалімдер бөлмесін бос әңгіме айтатын орынға емес, үйренетін ортаға айналдыру керек
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Әлемдегі күрделі өзгерістер білім беру саласын да айналып өтіп жатқан жоқ. Қазіргі мектептер болашақ ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Бұл ретте педагогикалық құрамның сапасы аса маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұғалімдердің кәсіби білігін арттырумен айналысатын Ustaz pro және Qundylyq орталықтары осы мақсатта Ustaz hub жобасын бастаған болатын. Мұғалімдерге арналған тегін шеберлік сабақтарына жарты жылда мыңнан аса педагог қатысты. Осы жобаға қатысқан астаналық мектептердің директорларымен сұқбат құрып, олардың оқу процесін тиімді жүргізуде неге баса көңіл бөлетінін білдік. Қ.Сәтбаев атындағы BINOM мектебінің директоры Құралай Байтажикова директордың миссиясы жайлы ой бөлісіп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда неге мән берген жөн екеніне тоқталды.

Директордың өзгеріс агенті ретіндегі рөлі қандай?

Қазіргі таңда ең маңызды нәрсе - мектеп директоры мен мұғалімдердің ойлау кеңістігін кеңейту. Яғни оларды өздерінің үлкен рөл атқаратынына, әрқайсы трансформациялық көшбасшы бола алатынына сендіру өте маңызды. Өйткені қандай факторлар әсер еткенін білмеймін, кейінгі кезде көп мұғалім мен мектеп директоры өздерінің мектепті өзгерте алатын күшке ие екеніне сенбей қалған. Осы жақында ғана Ресейде бір зерттеу жүргізілген екен, ондағы "Сіз мектепті жақсы жаққа өзгерте аламын деп ойлайсыз ба?" деген сұраққа директорлардың 32%-ы ғана “иә” деп жауап берген екен. Яғни, үштен бірі ғана өз күшіне сенеді. Мұғалімдерде де сондай статистика шығар деп шамалаймын. Сондықтан қазіргі таңдағы маңызды іс - ұстаздар мен мектеп басшыларының әлеуетін арттыра отырып, олардың мектепті өзгерте алатын трансформатор-көшбасшы болуына күш салу, - дейді ол.

Түрлі зерттеулерде мектеп директорының әр балаға жеке ықпалын өлшеп көру қиын екені айтылады. Өйткені директор балаға тікелей ықпал етпейді, тікелей ықпал ететін — мұғалім. Ал директор оқушыларға жанама ықпал етеді. Өйткені ол білім беру стратегияларын таңдайды, мектеп климатын қалыптастырады, мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысады, қоғамдастықпен қарым-қатынас орнатады.

“Мұғалімдер бөлмесін бос әңгіме айтатын орынға айналдырмау керек”

Құралай Байтажикованың сөзінше, мұғалімдердің кәсіби дамуы менің түсінігімде 365 күн бойы жүруі керек. Бізде бұрыннан қате түсінік бар: көбі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бір-екі курсқа қатысумен шектеледі деп ойлайды.

Оның тиімділігі жоқ демеймін, бар. Бірақ егер біз 365 күн бойы мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналыссақ, одан да тиімді болар еді. Ол әртүрлі форматта болуы мүмкін: оқыту стратегиялары немесе бала психологиясы туралы кітаптар оқу, әріптестермен чатта пайдалы ақпаратты бөлісу. Мысалы, мен өзім күнде мұғалімдерге кітаптардан үзінділер, пайдалы ақпараттар жіберіп отырамын, - деп айтты ол.

Кейін олар қызығушылық білдіріп, кітаптың атауын сұрап жатады.

Сонымен қатар мұғалімдер бөлмесін бос әңгіме айтатын орынға емес, керісінше бір-бірінен сұрайтын, үйренетін ортаға айналдыруға күш салу керек. Мұғалімдер бөлмесінде күн сайын бір практикалық уоркшоптар, пайдалы жиындар ұйымдастырып тұруға болады. Мысалы, ортақ чатқа "бүгін бізде мына мұғалім сынып сағатында жасанды интеллекті қолдану бойынша тәжірибе бөліседі" деп жазсаңыз, қолы бос мұғалімдер келіп, тыңдай алады. Бұл да бір тәсіл. Өзім Pedhackathon, Pitching Day, Fail Conference секілді таптаурын емес форматтарда біліктілікті арттырғанды жөн көремін. “Конференцияда баяндама оқы” дегеннен гөрі, “педагогикалық хакатонда өз жобаңызды қорғайсыз” деген басқаша қабылданады, қызығушылық пайда болады, - деп түсіндірді мектеп директоры.

“Осал тұсын мойындаған адам ғана үйренуге ашық болады”

Оның сөзінше, мұғалімдерді міндеттеп оқыту емес, олардың өздігінен үйренгісі келіп, басқа адамнан сұрай алу, іздену мәдениетін қалыптастыру маңызды. Ол үшін мектепте ең бірінші кезекте ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру керек.

Мұғалімдерге өз білмегенін мойындау ауыр болмайтындай жағдай жасау керек. Ол үшін директор де өзінің осал тұсын көрсете білуі керек. Алайда, біздің халық осал тұсты көрсетпеуге тырысады, жасырғанды жөн көреді. Мұғалім "егер мен мына тақырыпты білмейтінімді айтсам, директор маған басқаша қарайды" деген ойда болады. Немесе мен өз басшымның алдында менеджменттің бір саласын білмеймін десем, "мына кісі түк білмейді" деп ойға келуі мүмкін. Өзім ондайға қалыпты қараймын. Мен кез келген ортада "менің осындай осал тұстарым бар” деп айта беремін. Айта берген соң, ұжым да оны қабылдайды. "Бұл кісінің де осал тұс болса, бізде де болуы мүмкін" деп өзінің осалдығын норма ретінде қабылдап, өзіне өзі рұқсат бере бастайды. Осал тұсын мойындаған адам ғана үйренуге ашық болады, - деді Құралай Байтажикова.

Сондықтан директор үйренуге және үйретуге ашық атмосфераны қалыптастыруы керек. Мысалы, сыныбыңызда буллинг болды, осы мәселені шешу жолдарын білетін тәжірибелі маманнан барып, кеңес ала аласыз. Директор жылына бір рет өтетін сарапшының курсынан гөрі әріптестерден күнделікті үйрену әлдеқайда тиімді деп ойлайды. Өйткені олар мектептің конектстін, контингентін біледі, сол арқылы тиімді әдістерді ұсына алады.

Жас мамандармен қалай жұмыс істеу керек?

Жас мамандармен жұмыс істеу өзіме оңай. Өйткені бұрыннан істеп келе жатқан мұғалімдердің қатып қалған шаблондары бар, сол шаблондармен ұзақ жұмыс істейсің, ескі ұстанымдары бар, соны бұзғысы келмейді. Сондықтан жастарға тиімді әдістерді бөліссеңіз, жасы үлкен мұғалімдер де соған талпынады, - дейді ол.

Мектеп директоры жастарға сенетінін және жастар сол сенімді жүз пайыз ақтап жатқанын да қоса кетті.

Жастардың идеясына әр кез ашықпын, идеясын жүзеге асыруға көмектесемін. Өйткені мұғалім басшыға идеямен келіп, идеясы қолдау таппаса, ол одан кейін бастама көтермейді, өз идеясы маңызды емес деп ойлайды. Содан кейін ешқандай бастама көтермейтін болады. Сондықтан идеямен келген мұғалімді қолдап, оны жүзеге асыруға көмектесетін болсаңыз, басқалар да идеясын бөлісуге асығатын болады. Өзім соны көп байқадым, - деп түсіндірді Құралай Байтажикова.

Ата-аналармен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары

Директор атап өткендей, мектеп қауымдастығы ата-аналардан, оқушылар мен мұғалімдерден тұрады.

Алайда бізде мектеп ата-анаға жабық болғаны дұрыс деген түсінік бар. Жабық болу жақсы деп ойлайды. Керісінше ашық болуға талпыну керек, мәселе болса да, ата-аналармен ашық талқылау керек. Мәселені шешуде ата-ананың да қатысуы да маңызды екенін жеткізуге тиіспіз. Оларды сыншы емес, серіктес ретін көру тиімді коммуникация құрудың басты ережесі деп ойлаймын. Өйткені оқушының өмірі мен болашағы мектеп үшін де, ата-анаға да маңызды, - деп қосты мектеп басшысы.

Жаңа оқу жылына директор қалай дайындалу керек?

Оқу жылын сәтті бастау үшін директордың өзі ресурста болуы керек. Жаңа оқу жылына эмоциялық, рухани және физикалық тұрғыда дем алып, күш жинап келгені жөн.

Екіншіден, мектеп қауымдастығын толық қамтитын стратегиясы болуы керек. Ал үшіншіден, мықты, идеялас команда жинап, сол команданы өз идеясына сендіре алуы керек. Команда құруда адамдарды тани алу маңызды, әрине. Жақында ғана бір кітапта мынадай ойды оқыдым: "біз командаға өз минустарымызды толықтыратындарды жинауымыз керек". Сондықтан команда жинар алдында өзіңді толық танып алғаның дұрыс: сенде қандай талант жоқ, қандай қабілеттерің төмен. Бірге жұмыс істейтін адамдармен құндылықтардың сай болуына да мән берген жөн. Мысалы, мен құндылығымыз сәйкес келетін адамдармен ғана жұмыс істей аламын, - дейді Құралай Байтажикова.

“Ұстаздардың бәрін көшбасшы ретінде көргім келеді”

Мектеп директоры ретіндегі басты миссиям — ұстаздардың бәрін көшбасшы ретінде көргім келеді. Себебі көшбасшы ұстаз ғана көшбасшы баланы тәрбиелейді. Сонымен қатар орнымызды басатын мектеп басшыларын, директор орынбасарларын дайындауды мақсат етемін. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан менің миссиям — мұғалімдердің көшбасшылық қабілетін дамыту, өзгеріс енгізе алатын көшбасшыларды дайындау, - дейді білім сарапшысы.

Өзгелердің жаңалығы