Қарағандыдағы «Спутник V» вакцинасын шығаратын зауыт неліктен жабылғаны белгілі болды

22 Шілде 2022, 16:50
1710
Бөлісу:
Қарағандыдағы «Спутник V» вакцинасын шығаратын зауыт неліктен жабылғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында  ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді. 

Пандемия басталған соң біз Қарағандыда дайын субстанциядан «Спутник V» вакцинасының өндірісін іске қостық. Қазір бұл процесс тоқтап тұр. Бүгінгі таңда вакцинаның көлемі жеткілікті, - деп атап өтті департамент директоры. 

Сонымен қатар ол алдағы уақытта қандай вакциналар сатып алынуы мүмкіндігіне тоқталды. 

«Спутник V» екпесіне қатысты айтар болсақ, бүгінде келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Қарағандыдағы зауыт бұл вакцинаны шығармайды. Мұның геосаяси жағдаймен еш қатысы жоқ. Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1,6 млн дозасы бар, - деді ведомство өкілі.

Еске сала кетейік, бұған дейін республикада вакцинация үшін вакцинаның 3 түрі – Казвак, Синофарм мен Пфайзер бар екендігі айтылды. Ал ревакцинация үшін – Казвак пен Синофармды алуға болады. Қазір коронавирусқа қарсы вакцинамен тиісті халықтың 80%-дан астамы немесе бүкіл халықтың 56%-дан астамы қамтылды. І компонентті 10,7 млн адам, ІІ компоненті 10,4 млн адам алды. Тәулігіне 5 мыңнан астам адам екпе салдырады.

Өзгелердің жаңалығы