Қарағандыда желілер мен энергия көздерін жаңартудың жол картасы әзірленеді

14 Желтоқсан 2022, 21:30
785
Бөлісу:
Қарағандыда желілер мен энергия көздерін жаңартудың жол картасы әзірленеді

Қарағанды облысында Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына 63 іс-шара енгізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау және іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Әр бағыт бойынша тапсырмалар белгіленді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бүгінде бүкіл инфрақұрылымның әлсіз буыны болып табылады. Облыстың жеті энергия көзінің негізгі жабдықтарының жағдайы қазандықтардың – 75%-ға, турбиналардың – 70%-ға жоғары тозуымен сипатталады. Теміртау, Шахтинск қалалары қауіпті аймақта тұр. Осыған ұқсас жағдай жылу желілерінде орын алуда. Коммуналдық ұйымдардың инвестициялық бағдарламалары мәселені шешпейді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын жаңарту және тозуын азайту бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әр елдімекен бойынша сипаттама болуы керек.

Агроөнеркәсіптік кешенде тереңдете өңделетін өнім шығару жобаларын ұсыну талап етіледі. Бұл облыс тұрғындарын жергілікті тауарлармен қамтамасыз етуді арттыруға септігін тигізеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау жалғасын табады.

Жалпы, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау – басты міндеттердің бірі, деді облыс әкімі. Ол әрбір инвестициялық жобаға іске асырудың ықтимал тәуекелдеріне талдау жасауды тапсырды.

Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау бойынша жол картасы әзірленетін болады.

Тұрғындар бізден бос цифрлар мен көрсеткіштерді емес, нақты нәтиже күтеді. Әрбір көрсеткіштің артында нақты істер, сапалы әрі уақытылы аяқталған жобалар тұруы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өзгелердің жаңалығы