Қарағандыда жаңа технологиямен асфальт төселіп жатыр

24 Мамыр 2024, 11:31
242
Бөлісу:
Қарағандыда жаңа технологиямен асфальт төселіп жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Қарағандының бірнеше ірі көшесінде жолдар жөнделіп жатыр. Пичугина-Новоселов, Е.Бөкетов, С.Сейфуллин көшелерінде жол салу және жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығын көріп қайтқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандыдағы автожолдардың жалпы ұзындығы мың шақырымға жуықтайды, оның 720 шақырымы асфальтталған. Биыл қала жолдарының 128 шақырымы жөнделмек. Оның ішіде 2 нысанда жаңадан жол салу жұмыстары, тағы екі нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 127 объекті бойынша жол төсемесіне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.

С.Сейфуллин даңғылының бойында жол жөндеу жұмыстары жаңа технология бойынша жүргізіліп жатыр. Мамандар асфальтқа арнайы полимер қосылып салынып жатқандығын айтады. Бұл жол төсемінің сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Тұрғындардың тарапынан С.Сейфуллин даңғылында асфальт салынбай жатқандығы жайлы шағымдар түскен болатын. Бүгін бірінші рет жаңа технология бойынша арнайы полимер қосылған асфальт төсемесін төсеп бастадық. Бұл технология үшін ауа райы қолайлы, яғни ауа температурасы 17-20 градус болуы қажет. Біз күннің жылынуын күттік. Жаңа технология асфальтта жарықшақтардың, қабыршақтардың, сораптардың пайда болуының алдын алып, жолдың қызмет көрсету мерзімін ұзартуға мүмкіндік бермек. Алдағы 5-10 жылда С.Сейфуллин даңғылының бойына жол жөндеуге қайтып оралмаймыз деп үміттенемін, - деді қала әкімі Мейрам Қожухов.

Жол салушылар ауа райы қолайсыздықтар туғызбаса жол жөндеу жұмыстарын барынша тез аяқтайтындықтарын айтады. Алайда, жол салынғаннан кейін жаңа асфальт кем дегенде 2 тәулік тұруы қажет. Тек содан кейін даңғылдағы көлік қозғалысы қалпына келтірілетін болады.

Қарағандыда жаңа технологиямен асфальт төселіп жатыр

Пичугина-Новоселов көшенің тұрғындары биліктен бірнеше жыл жолды жөндеуді сұраған еді. «Еститін Қазақстан» тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырып жатқан шаралардың шеңберінде бұл көшелердің тұрғындарының да өтініші ескеріліп, өткен жылы жол салу жұмыстары басталды. Аталған жолдың астынан жылу, су және кәріз желілері өтеді. Кеңестік кезеңнен бері жаңарту көрмеген осы желілер жаңартылып, содан кейін жол салушылар жол жөндеу жұмыстарына кірісті.

Пичугина-Новоселов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тендерді өткен жылы ұтып алдық. Бұл көше көп жылдар бойы жөндеу көрмеген. Жоба екі жылға созылады. Жобада көрсетілгендей былтыр жер астындағы желілер жөнделді. Ал биыл 10 сәуірден бастап жол салу жұмыстарына кірістік. Жоба бойынша жол төсемесі жаңартылып, жол жиектері орнатылып, жаяу жолаушылар жолы салынып, жарықтандыру жасалады, - дейді жол салушы «Агродор» компаниясының директоры Наталья Мальчушкина.

Компания басшысының айтуынша, бастапқыда жоба 1,7 млрдеңгеге бағаланған. Алайда бір жыл ішінде құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі мен коллектор мен ескі суағар жүйесін жаңарту сияқты қосымша шығындардың пайда болуына байланысты қазіргі уақытта жобаның құны 3,6 млрд теңге.

Біз тендерге қатысып, жобаны 1,7 млрд теңгеге ұтып алдық. Алайда жұмысқа кіріскен кезде құрылыс материалдарының айтарлықтай қымбаттап кеткендігін білдік. Сонымен қатар санацияға өте көп қаржы жұмсадық. Жолдың астындағы желілер қазып алу және ауыстыру жолымен емес, жаңа санация әдісімен ауыстырылды. Көптеген қосымша жұмыс пайда болды. Біз бұл жерден 7 магистральға дейін созылатын ескі коллектор таптық. Коллекторға ескі суағарға жалғанған. Кеңестік кезеңдегі суағарларды қазып, оларды қалпына келтірдік. Бізге тіпті жолдың бейінін өзгертуге тура келді. Бастапқыда ол қосеңісті болған, қазір біреңісті. Сондықтан да қазір жобаның құны 3,6 млрд теңге, - деп түсіндірді Наталья Мальчушкина.

Компания Ресейлік және Павлодардық битумды қолдануды жоспарлап отыр. Жол салу және жөндеумен айналысатын компаниялар мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы Павлодарлық битумды жеңілдетілген соммаға сатып алуға мүмкіндіктер бар. Мердігер жолды барынша сапалы салуға тырысатындығын айтады. Жол жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады деп күтілуде. Егер де жолдың 5 жылдық кепілдік мерзімі уақытында ақаулар пайда болған жағдайда, компания кемшіліктерді өз қаржысынан жөндейтін болады.

Қарағандыда жаңа технологиямен асфальт төселіп жатыр

Қаланың Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында жаңадан салынып жатқан Е.Бөкетов көшесінің бойындағы жолдың жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Жоба бойынша жолдың құрылысы 3,2 млрд теңгеге бағаланған. Құрылысты қаржыландыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Мердігер «АБК-Автодор НС» компаниясы.

Жоба бойынша жолдың табаны салынып, екі қабат асфальт төселеді. Сондай-ақ, жолдың бойында жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, жарықтандыру жасалады, бағдаршамдар орнатылады және де нөсер канализациясын жасау жоспарлануда, - дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің автомобиль жолдары секторының жетекшісі Мәди Қожанов.

Билік өкілдерінің айтуынша құрылыс жұмыстары жүретін нысандарда дайындық жұмыстары басталған. Барлық нысан ведомстволық сараптаманы алды. Жол салушы компаниялар биылғы жылдан бастап жетілдірілген битум қолдануды қолға алды. Бұл жолдың сапасына оң әсер етуі керек. Қала бойынша жолдардың 72 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл қортындысында бұл көрсеткішті 79%-ға жетеді деп күтілуде. Ал 2025 жылы жеке секторлардағы мүлдем асфальт төсемесі жоқ жолдар назарға алынбақ. Бұл қала жолдарының 90%-ын қанағаттанарлықтай жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді. Әкімдіктегілер мемлекет басшысының жолдардың нормативтік жағдайын 95%-ға жеткізу тапсырмасын осылай орындап жатқандықтарын айтады.

Өзгелердің жаңалығы