Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

6 Шілде 2023, 19:35
1183
Бөлісу:
Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?
PHOTO
Фото: автордан

Бүгінде Қарағанды облысының орталығында 60-қа тарта тұрғын-үй салынып жатыр. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, оның ішінде 10 тұрғын-үй кешенінің құрылысына рұқсат берілмеген. Бұл үйлердің болашақтағы тағдыры қалай болмақ? Баспаналы боламыз деп үлескер болған қара халық не істемек? Құрылысы тоқтатылған тұрғын-үйді салушы компаниялардың өздері не дейді? Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеген еді.

Қарағандыда заңсыз салынып жатқан 10 тұрғын-үй

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы таратқан мәліметке сай, маусым айындағы жағдай бойынша Қарағандыда 10 тұрғын-үйдің құрылысы заңсыз деп танылған. Авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізген компаниялар анықталып, оларға қатысты шаралар қолданылып жатыр. Қазіргі таңда осы 10 тұрғын-үйдің құрылысы тоқтатылып, жоспардан тыс тексеріс жүргізілуде.

Қарағандыда тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүргендіктен осы салада заңнаманы бұзушылық фактілері де орын алып отыр. Бұл шағымдардың да көптеп түсуіне әкелуде. Біздің ведомоство қазіргі уақытта 60-қа тарта көппәтерлі тұрғын-үйлердің құрылысын бақылауда ұстап отыр. Өткен жылдан бері мониторинг барысында 20 тұрғын-үй кешені бойынша хабарлау тәртібі бұзылғандығы анықталды, - дейді Қарағанды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов.

Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

Заң бойынша құрылыс салушы компания Сәулет және құрылыс бақылау басқармасына құрылыстың басталғанын хабарлауы керек. Бұл шара онлайн түрде, электронды үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Мониторинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған он тұрғын-үй кешені анықталды. Олар құрылыс-монтаждау жұмыстарын рұқсат құжаттарынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, тәртіп бойынша бекітілген сараптамасыз бастаған. Егер де тексеріс кезінде өрескел қателіктер және конструкция пайлануға жарамсыз деп танылса, бұл үйлерді бұзуға тура келеді, - дейді басқарманың бас маманы Гүлбахрам Мұқашева.

Шенеуніктердің атуынша, кейбір құрылыс салушы компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кейбір нысандарда рұқсат беретін құжаттар берілгенше құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылды.

Өткен жарты жылда 10 компания ескертпелерді жойып, хабарлама жіберді. Үй салушы 10 компания бақылауда. Олардың үй салуға рұқсат беретін құжаттары жоқ, - дейді басқарма басшысы Аймақов.

Қарағанды бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары заңсыз деп танылған тұрғын үй кешендерінің тізімі:

  • «Al-Farabi» тұрғын-үй кешені, құрылыс салушы «T-K Building» ЖШС;
  • «Хан» тұрғын-үй кешені, құрылыс салушы «TT INVEST-2022» ЖШС;
  • Ержанов көшесі, 63/2 үй мекен-жайындағы көпқабатты тұрғын-үй, құрылыс салушы «Revival alliance» ЖШС;
  • «Нұра» тұрғын-үй кешені, құрылыс салушы «Satti Lux Stroy» ЖШС;
  • «Бақытты отбасы» тұрғын үйі, құрылыс салушы «ККК Бетон» компаниясы;
  • «Tole Bi 2» кқпқабатты тұрғын-үй кешені, құрылыс салушы «TBL building» ЖШС;
  • «Baiterek» тұрғын үйі, құрылыс салушы «СМК Group» ЖШС;
  • «Династия» тұрғын-үй кешені, құрылыс салушы «Оptima-Stroy» ЖШС;
  • «Аманат» тұрғын үйі, құрылыс салушы «Baiterek-2022» ЖШС;
  • «London» клубтық үйі, құрылыс салушы «ARQA Qyrilis» ЖШС.

Бұл комерциялық жаңа үйлердің құрылысы өткен жылы басталған, кейбірінің құрылысы бітуге жақын. Шенеуніктер тұрғын-үйлердің құрылысын іргетасы саланып басталған кезде тоқтата алмайтындығын айтады. Себебі, елдегі мораторийге байланысты шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізе алмайды.

Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

Соттың шешімімен құрылыс жұмыстары тоқтатылғанына қарамастан құрылыс-монтаждауды жалғастырып келген салушы компанияларға қатысты прокуратурамен бірге жоспардан тыс тексеріс жүргіздік. 8 компания анықталды. Тексерістен кейін оларға жарлық беріліп, өз бетінше салынған құрылыс деп тану бойынша қуыным берілд, - деді Аймақов.

Аталған компаниялар алдағы уақыттары қабылдау актісін ала алмайды. Тіпті бұл үйлер бұзылуы да мүмкін деп мәлімдеді ведомоство басшысы.

Шенеуніктердің айтуынша, аталған тұрғын-үйлерді салуға рұқсат берілмеген. Сәйкесінше, тұрғын-үй салушы компания үлескерлердің ақшасын алуға құқығы болмаған. Алайда, біршама қарағандылықтар бұл үйлерге үлескер ретінде ақшасын салып қойған.

«Аль-Фараби» тұрғын үйіне ақшамызды салып қойдық. Жаңалықтардан бұл үйдің заңсыз салынып жатқанын естіп отырмыз. Компанияға барғанымызда, олар жақын күндері бұл мәселенің шешілетіндігін, құжаттар реттелетіндігін айтып, шығарып салды. Қалай дегенменде, алаңдап отырмыз, - дейді қала тұрғыны Бек Әзімханов.

Тұрғын-үйді заңсыз салушы компаниялар не дейді?

Құрылысы тоқтатылған тұрғын үйлерді салушы компанияларға хабарласып, аталған үйлерді сатып алуға болатын-болмайтындығын сұраған едік.

Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

Мұқанов көшесіндегі «Al-Farabi» тұрғын-үйі салынып жатыр, үй бітуге таяу. Қай уақытта пайдаланылуға берілетіндігін нақты айта алмаймын. Үйлердің бағасы бір шаршы метріне 340 мың теңгеден басталады, - деді «T-K Building» компаниясының сату бойынша менеджері Әнел.

Қаланың орталығында, Жамбыл көшесінің бойында салынып жатқан аз пәтерлі «London» клубтық үйінің салушысы «ARQA Qyrilis» компаниясының менеджері құрылыс жұмыстарының аяқталғанын, тұрғын-үйдің шілде-тамыз айларында қолданысқа берілетіндігін айтты. Мұндағы үйлердің бағасы бір шаршы метріне 550 мың теңгеден басталады екен.

Бұл компаниялар құрылыс-монтаждау жұмыстарына шектеу қойылып, әлеуметтік желі арқылы жарналамауға тыйым салынса да, әлі күнге дейін үлескерлерді тартып келеді.

Қалай алданбауға болады? Үлескер болардан бұрын нені білу қажет?

Қарағанды қаласында салынып жатқан жаңа үйлер бойынша шағымдар өте көп. Тұрғындардың басым көпшілігі үйлердің сапасыз салынғандығына шағымданады. Жаңадан салынып жатқан көппәтерлі үйлердің қабырғасы жұқа, пластик терезелер сапасын орнатылған, су, кәріз құбырлары әлсіз. Мысалы, ең соңғы қабаттағы әлсіз құбыр жарылса, сол үйдегі барлық пәтерлердің тұрғындары зардап шегетіні белгілі. Кім кінәлі? Үйді иесі ме, әлде үйді салушы ма? Дәлелдеу қиын. Сондықтанда коммуникацияны міндетті түрде тексеріп алу қажет, - дейді «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының басшысы Жасұлан Айтмағамбетов.

Оның айтуынша, әртүрлі жағдайлар болады. Салынып жатқан тұрғын-үйдің салушылары үйді бітірмей шет ел асып кеткен, бір пәтерді бірнеше адамға сатқан жағдайлар да кездескен.

Салынып жатқан үйден пәтер алған уақытта компанияның үй салуға қаржысының бар-жоқтығына көз жеткізіп алған дұрыс. Құрылыс жұмыстары барысында салушы компания үлескерлердің ақшасын «Үлескерлік құрылыс бойынша» және «Тұрғын-үй қатынастары бойынша» заңнамаларына сай ғана тарта алады. Салушы компаниялар үлескерлердің ақшасын көпқабатты тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін ғана тарта алады. Басқа жағдайларда сатып алушы ақшасын құрылысқа салуына болмайды, - дейді Айтмағамбетов.

Үлескерлердің ақшасын тартуды жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер қадағалайды. Үй салушы компания үйдің қаңқасы салынғаннан кейін, тиісті органдар тексеріс жүргізіліп, содан кейін ғана компанияға үлескерлердің ақшасын тартуға болатындығы жайлы рұқсат береді.

Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

Қазіргі уақытта елімізде «Казреестр» жүйесі жұмыс істейді. Бұл платформаға құрылыс салушы компания өзінің нысанын тіркейді. Ортақ базадағы ақпаратты қалалық әкімдік арқылы алуға болады. «Казреестр» арқылы үлескер болғыңыз келетін пәтердің сізге дейін сатылған-сатылмағандығын біле аласыз. Бұрын мұны білу мүмкін болмайтын. Сондықтан да компаниялар бір пәтерді бірнеше адамға сатып, соңы сотқа дейін жетіп жататын. Қандай-да бір компанияға үлескер болардан бұрын, кұрылыс салушы компанияның ең алдымен заңды тұлға екендігін анықтап алу керек. Одан кейін компанияның нарықта неше жыл жұмыс істейтіндігін, «Сот кабинет» платформасына кіріп, компанияның соңғы жылдары қандай да бір сот істеріне тартылмағандығын тексеріп көріңіз. Сондай-ақ, мекеменің борышкерлер реестрінде болмауын да қадағалау қажет. «Қара тізімдегі», яғни құрылыс жұмыстарымен айналысуына тыйым салынған компанияларды құрылыс компанияларының ресстрінен көре аласыздар, - дейді Айтмағамбетов.

Үлескерлік қатысу бойынша заңнаманы бұзған жағдайда, яғни үлескерлерді әлеуметтік желідегі жарнама арқылы заңсыз тартқан компаниялар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасының 320-бабы бойына жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта Қарағанды бойынша үлкескерлердің ақшасын заңсыз тартқан 18 компанияға қатысты әкімшілік шара қолданылған.

Өзгелердің жаңалығы