Қарағандыда суға батқан адамдарды құтқарып қалған жігіттің кім екені анықталды

Қарағандыда суға батқан адамдарды құтқарып қалған жігіттің кім екені анықталды
5872

Оразалы Асылханов ызғары бет қаратпайтын қақаған аязда мұздай суға үш рет сүңгіп, бірнеше адамды ажалдан арашалап қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бір топ адам таксимен Ғ.Мұстафин ауылына қарай жолға шығады. Көлікте аяғы ауыр келіншек, бес жастағы қыз және құндақтағы нәресте болған. Айналма жолдың сапасы тым нашар болғандықтан жұрт қыс түскенде Нұра өзенінің үстімен жүруді әдетке айналдырған. Таксидің шопыры да сол әдетке салып, мұзға шығады. Бірақ, жол ортасына келгенде мұз шытынап, көлік суға кеткен.  Сол кезде алдыңғы орында отырған Оразалы Асылханов дереу қауіпсіздік белбеуін шешіп, аяғы ауыр келіншекті құтқарып қалады. Артынша қайыра суға сүңгіп, екінші келіншекті алып шығады. Кейін үшінші рет мұздай суға сүңгіп, сәби мен бес жастағы қызды жағалауға жеткізіп, есінен танып қалған қызға алғашқы көмекті де көрсеткен. 

Қазір құтқарушы да, жолаушылар да ауруханада, жағдайлары тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.

Оразалының ерлігі бұл ғана емес . Анасының айтуынша, жазда Нұраға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалыпты. Өзінің әскерден келгеніне де көп бола қоймапты. Құтқару қызметіне жұмысқа тұрғысы келіп, орналаса алмай жүр екен.

Айта кетейік, бүгін Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Ғ.Мұстафин кентінде Нұра өзеніндегі мұз үстімен өту кезінде 2 көлік суға батып кеткен еді. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы