Қарағанды қаласында сот шешімін орындамаған шетелдікті полиция мәжбүрлі түрде елден шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөлімінің көші-қон полиция инспекторлары соттың Қазақстан Республикасынан шығу туралы шешімін орындамаған шетелдік азаматты анықтап, оны мәжбүрлі түрде елден шығарды. Бұл шара көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты Қазақстанның көші-қон қызметі тарапынан қабылданған қатаң шаралар қатарында жүзеге асырылуда. Осы жылдың басынан бері Октябрь ауданы бойынша Қазақстан Республикасынан шығаруға байланысты 15 шетелдікке сот шешімі шығарылған. Оның ішінде бес шетелдік азамат белгіленген мерзімде елден шықпай, заңды бұзған.
Осыған байланысты оларға қатысты мәжбүрлі түрде елден шығару шаралары қолданылды. Қарағанды облысының полиция департаменті елдегі көші-қон ережелерін сақтауды еске салады және шетелдіктерге қатысты заң талаптарының қатаң қадағаланатынын атап өтеді.