Қарағандыда мұқтаж отбасыларға баспана берілді

26 Қыркүйек 2023, 17:27
1381
Бөлісу:
Қарағандыда мұқтаж отбасыларға баспана берілді
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қайырымдылық қоры Қарағанды облысындағы екі отбасына үй сыйлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды облысының әкімдігі мәліметінше, "Харекет" қайырымдылық қоры мұқтаж екі отбасына баспана сатып алды. Үй кілттері асыраушысынан айырылған және мүгедектігі бар бала асырап отырған Ақтау кентінің отбасына және Бұқар жырау ауданының Қызылқайың ауылының көпбалалы отбасына табысталды.

Көпбалалы ата-ана төрт бала тәрбиелеп отыр. Отбасы Бұқар жырау ауданының "Шаңырақ" көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының қамқорлығында. Осыған дейін баспанасы болмаған. Олар туыстары берген үйде тұрған. Үй дымқыл тартып тұрғандықтан балалар да жиі ауыратынын айтады. "Харекет" қоры бұл отбасына кең үй беріп, көмектесуге шешім қабылдаған.

Біз өзімізге жүгінетін отбасыларды қолдаймыз. Демеушілер іздейміз. Ақтау кентіндегі отбасы туралы бізге адамдар айтты. Оларға құжаттар тапсыруға көмектестік. "Харекет" қоры отбасына үй сыйлады. Қызылқайың ауылының отбасы да біздің қамқорлығымызда, – деді Бұқар жырау ауданының "Шаңырақ" орталығының директоры Айша Сүлейменова.

Бар болғаны алты жыл ішінде "Харекет" қайырымдылық қоры Қарағанды облысынан 75 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп, биыл мұқтаж жандарға тоғыз үй мен пәтер сатып алды.

Осы айда біз бес пәтер мен үй сыйладық. "Шаңырақ" орталығы бізге көмектеседі, мұқтаж отбасыларды табады, олармен құжаттар жинаумен айналысады, – деп атап өтті "Харекет" ҚҚ Қарағанды облысындағы филиалының басшысы Жанар Арыстанбекова.

Өзгелердің жаңалығы