Қарағандыда 2 тоннаға дейін есірткі өндіретін зертхана анықталды – ІІМ

Қарағанды облысында ірі мефедрон зертханасының қызметі тоқтатылды. Алдын ала есеп бойынша, онда 2 тоннаға дейін есірткі өндірілуі мүмкін болған, оның құны 40 млрд теңгеге бағаланды.

1 Қазан 2026, 13:09
АВТОР
 polisia.kz 1 Қазан 2026, 13:09
1 Қазан 2026, 13:09
258
Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында мефедрон өндірумен айналысқан ірі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық ҰҚК департаменті және прокуратурамен бірлесіп жүргізген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумағында аса ірі көлемде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындап, кейін заңсыз өткізуді көздеген.

Жедел-іздестіру және тергеу шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды. Полиция мәліметінше, 48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап беріп, жаңа қатысушыларды тартқан және олардың әрекетін үйлестірген. Ал 28 жастағы күдікті зертхананың жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдеріне үйреткен.

Зертхана аумағында жүргізілген тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған.

Сонымен қатар көлемі бір тонна болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді. Ыдыстардың ішінен өткір химиялық иісі бар заттардың қалдықтары табылған.

Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынған. Сараптама нәтижесінде оның құрамынан мефедрон анықталған.

Өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ұсынылған үлгіден мефедрон анықталды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады, – деді Негмет Исмагулов.

Мамандардың алдын ала есептеуіне сәйкес, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 2 миллион бір реттік дозаға тең. Оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге дейін бағаланып отыр.

Полиция департаментінің басшысы құқық қорғау органдары есірткінің аса ірі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, өндірістің жолын кескенін атап өтті.

Екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың жеткізілу арналары, күдіктілердің ықтимал байланыстары және трансұлттық қылмыстық топтың өзге де қатысушылары анықталуда.

Есірткі зертханаларын анықтау және олардың қызметін тоқтату, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналым арналарының жолын кесу бойынша жұмыстар “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында жалғасуда.

Наверх