Қарағанды облысында жас таланттар слеті өтті

5 Маусым 2022, 13:36
2788
Бөлісу:
Қарағанды облысында жас таланттар слеті өтті
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 1-3 маусым күндері Қарағанды облысы, Бектау ата шатқалының «Факел» қаладан тыс сауықтыру лагерінде талантты балалардың «Өнерлі жас-өңір мақтанышы» атты І облыстық слеті өтті. 

Шара «Балалар жылы» аясында облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» қосымша білім беру аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының бастамасымен ұйымдастырылған.

Қарағанды облысында жас таланттар слеті өтті

Слетке облыстық жалпы білім беретін мектептердің  5-6 сынып оқушылары, аудандық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Аймақтың талантты жастары қатысқан жиынға облыстың түкпір-түкпірінен 144 оқушы мен 8 жетекші келген.

Облыстық слетке 18 команда қатысып, 4 түрлі байқау бойынша бақ сынады. Жиынның бірінші күні қатысушылар «Өзіңді таныт» байқауы бойынша өздерін таныстырып, «Туған өлкемді жырлаймын» сайысында әуелетіп ән салды. Екінші күні топтар «Биле-биле» байқауында мың бұралып би билеп, театрландырылған қойылымдар көрсетуден өнерлерін паш етті. Байқау ұйымдастырушысы Ботагөз Шынатқызы:

Біздің ұйымдастырған слетіміз талантты жастарды қолдап, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілді. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып тұрған жиынымыз алдағы жылдары да өз жалғасын табады деген үміттемін. Балаларға бәрі ұнағанын байқадық, кеткілері келмей, қимай қоштасты. Ешқандай команда орын алмадық деп ренжімеді. Келушілердің бәрін қуантуға тырыстық,- дейді. 

Қарағанды облысында жас таланттар слеті өтті

Слеттің соңғы күні ұйымдастырушылар 4 байқаудан көзге түскен 3 командамен қатар, әр байқаудың үздіктерін де марапаттады. Жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, кубоктар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Әділқазылар шешімі бойынша өткізілген әр байқауда белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен Сатпаев қаласының командасы жүлдеді 1 орынға, Ақтоғай ауданы-2 орын, Балқаш қаласы 3 орынға ие болды.

Қарағанды облысында жас таланттар слеті өтті

Слетке келушілер байқауларға ғана қатысып қоймай 3 күн бойы жаңа достар тауып, туристтік гидтің бастауымен Бектау ата шатқалының әсем табиғатын аралады. Ұйымдастырушылар байқаудан тыс балаларға түрлі психологиялық тренингтер, ойындар мен спорттық жарыстар өткізді. Сондай-ақ шара барысында келушілерге Ақтоғай аудандық «Әуен» ансамблі шығармашылық концертін қойды. Алдағы күндері Бектау ата шатқалында «Балалар жылы» аясында пікірсайысшылардың «Сарыарқа-пікірталас аймағы» мен «Менің Отаным-Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясы жасақтарының облыстық слеттері өтетін болады.

Өзгелердің жаңалығы