Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында екі азамат өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, талай адамды сан соқтырған.
Алаяқтың бірі Қарағандыда өзге біреудің атына рәсімделген банк картасынан ақша алып жатқан жерінде қолға түсті. Тексеру кезінде одан 9 миллион теңге табылған. Ал екінші сыбайласы Теміртауда құрықталды. Ол карта ашуға келісім беретін аңғал адамдарды іздеумен айналысқан. Тінту кезінде одан түрлі банктан ашылған 7 карта, телефон, сим-карталар, интернет-роутер тәркіленді.
Тергеу барысында жәбірленушілердің аздаған ақшаға алданып, несие картасын ашуға келіскені және оны қылмыскерлерге бергені анықталып отыр. Қазір күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды.
Жыл басынан бері полицияға алаяқтарға алданған 4 адамнан арыз түскен. Келтірілген шығын көлемі 40 миллион теңге, – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: