Абай ауданындағы Саран су қоймасында балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар өткізілді: шұңқырлар бұрғыланды, қамыс байлаулары қойылды және су қоймасына оттегінің өтуіне арналған сорғыларды пайдалана отырып, су аэрациясы жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ақпараты бойынша, аталған жұмысқа 20-дан астам адам қатысты, сондай-ақ бес бірлік техника тартылды.
Қыста мұз бен қардың қалың қабатынан суға оттегі мен жарық жеткіліксіз мөлшерде түседі, сондықтан балықтың қырылу қаупі жоғары. Оның алдын алу үшін Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, балықты құтқару жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.
Балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар наурыздың соңына дейін өңірдің басқа да су қоймаларында жалғасады, - деп жазылған мәліметте.
Қарағанды облысында барлығы 179 жергілікті және екі республикалық су қоймасы бар. Оның ішінде 104 су қоймасы табиғат пайдаланушыларға бекітілген, олар өз бетінше профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Қалған 75 су қоймасы резервтік қорға кіреді, оларға басқарма мамандары мен балық шаруашылығы инспекторлары қамқорлық жасайды.