Қарағанды облысында бірінші автомобиль шинасы шығарылды

13 Желтоқсан 2022, 17:23
6766
Бөлісу:
Қарағанды облысында бірінші автомобиль шинасы шығарылды

Қарағанды облысында KamaTyresKZ зауытының конвейерінен алғашқы Forza шинасы шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарандағы индустриалды аймақта жаңа кәсіпорын рекордтық қысқа мерзімде – 16 айда салынды.

Алғашқы өнімді шығару кезінде ҚР премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан президенті Рустам Минниханов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және Allur компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.

Бұл өндіріс біздің өнеркәсіпті дамыту үшін де, моноқалаларды дамыту үшін де маңызды. Өйткені, Саран қаласының мыңнан астам тұрғыны осы өндіріске жұмысқа орналасатын болады. Айта кету керек, бұл автомобиль өнеркәсібінің де, автомобиль әуесқойларының да қажеттіліктерін жабатын шина өнімдерін шығаратын алғашқы отандық кәсіпорын. Зауыттың өнімі Қазақстанда жиналатын автомашиналарды жинақтау үшін пайдаланылатын болады, бұл біздің отандық жергіліктендіруді арттырады, – деді Роман Скляр. 

Оның айтуынша, кәсіпорын автоматтандыру деңгейі мен энергия тиімділігі бойынша барлық заманауи талаптарға жауап береді. Бұл өнімділіктің өсуін және қоршаған ортаға минималды әсер етуді қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыруға инвестициялар 171 млрд теңгені құрады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын 3,5 млн көпсалалы шина шығаруды көздейді.

Зауыт ішкі нарықтың сұранысын толығымен қанағаттандыра алады, ұқсас өнімдерді импорттау қажеттілігі жойылады.

Сондай-ақ жақын және алыс шет елдерге экспорт жоспарлануда.

Бұл жобаның бірінші кезеңі ғана, онда бізде еңбек жетістіктеріміз бар. Алдағы жоспарымызда инженерлік-техникалық бұйымдар мен ірі габаритті шиналар зауытын ашу бар. Жалпы, мұның бәрі Қазақстанның бІрегей инвестициялық ахуалының, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды, – деп атап өтті Рустам Минниханов.

Ермағанбет Бөлекпаев жобаны рекордтық мерзімде іске асырғаны үшін инвесторлар мен құрылысшыларға алғысын білдірді. Наиль Маганов Қазақстан мен Татарстанның барлық қызметкерлеріне – құрылысшыларға, монтажшыларға, іске қосушыларға, пайдалану жөніндегі мамандарға алғысын білдірді.

Бірінші шинаны шығару рәсімінде бірқатар мамандарға жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталары табысталды.

Марапатталғандардың бірі – Саран қаласында тұратын жас маман Валерия Чеканова. Ол шина зауытына Қарағанды техникалық университетін бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасқан.

Нижнекамскідегі шина зауытында тәжірибеден өттім. Онда мен дайындық процестерін үйрендім, бізге өндірістің барлық ерекшеліктері мен бүге-шігесін білуге көмектесті. Менің лауазымым – инженер-технолог. Қазір жабдықты іске қосуға көмектесіп жатырмыз, ағымдағы бақылауды жүргізіп жатырмыз, – деді Валерия Чеканова.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында шина зауытының құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталған болатын. Бұған дейін де Үкімет пен өңірдің бұрынғы басшысы Жеңіс Қасымбектің белсенді жәрдемімен Саран қаласындағы қараусыз қалған РТБ зауытының аумағындағы индустриялық алаң жандана бастады. Бұл аумақтағы алғашқы ірі жоба қазір өз өнімдерін бүкіл елге жеткізетін автобус зауыты болды.

Өзгелердің жаңалығы