Қарағанды облысында 168 ҚТҚ полигоны бар. Жинақталған қоқыстардан құтылу үшін жаңалары салынады – алдағы жылдарға алты нысан жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев мәлімдеді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару – Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманың басты тармақтарының бірі. Қоқысты қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесін арттыру үшін "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасында шаралар қарастырылған. Қарағанды облысында сұрыптау желілері бар қосымша алты ҚТҚ полигонын салу жоспарлануда: Балқаш, Абай, Қарқаралы, Бұқар Жырау, Шет және Нұра аудандарында, – деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, жобалар Абай мен Шет ауданда бірінші болып жүзеге асырылады. Жұмыстар ЖСҚ мемлекеттік сараптамасының қорытындысын алғаннан кейін басталады. Полигондардың құрылысын 2024 жылы бастау жоспарлануда.
Бақтияр Санбаев облысты көгалдандыру қалай жалғасатынын да айтты. Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 1,3 млн үйеңкі мен қарағаш көшеттері отырғызылады.
Басқарма басшысы су қауіпсіздігі туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, суды тиімді пайдалану үшін бассейндік инспекциялармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен меморандумдар жасалған. Кәсіпорындар техникалық суды тұтынуды азайтуға міндеттенеді.