Қарағанды облысы баға тұрақтылығын қалай сақтамақ?

17 Қаңтар 2022, 16:12
1370
Бөлісу:
Қарағанды облысы баға тұрақтылығын қалай сақтамақ?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қанықтыру – Қарағанды облысы инфляцияны қалай ұстап тұрғаны туралы онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте айтылды. 

Өз бағыттары бойынша басқармалар мен ведомстволардың басшылары баяндады. Сондай-ақ, ірі қалалардың әкімдері есеп берді. 

Экономика басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5%-ға жетті. 

Тұрақтандыру және резервтік қорлар баға жағдайына әсер етуге көмектеседі. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, тұрақтандыру қорында 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл өнімдерді, сондай-ақ көкөністерді: картоп, сәбіз және қырыққабатты қосымша сатып алу жоспарланған. 

Бұдан басқа, "Сарыарқа" ӘКК кәсіпкерлерге жеңілдетілген схема бойынша қарыз береді. Осы шараның арқасында көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізіледі. Меморандумдарға сәйкес, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс: сәбіз, пияз және қырыққабат жеткізуге міндеттелді. Сондай-ақ, жергілікті құс фабрикалары меморандумдарды орындау үшін жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады. Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады.

 Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева қоймаларда бакалея өнімдері жеткілікті екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, бір айдан астам уақытқа жеткілікті қор бар, осы аптада жаңа жеткізілімдер күтілуде. Жиында сондай-ақ жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ екені мәлімделді. Жанармай жағдайы тұрақты. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сұйытылған газ бен бензинге шекті бағалар белгіленді, коммуналдық қызметтерге тарифтер бір деңгейде тоқтатылды.

Сонымен қатар, облыста баллон газын сататын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластық жасалды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. 

Бізде инфляциялық процестерді тежеу жөніндегі кешенді жоспар жұмыс істейді. Ол Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын ескере отырып, түзетуді және өзектендіруді қажет етеді. Өз бағыттарыңыз бойынша ұсыныстар енгізіңіздер. Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы