Бүгін таңертеңнен бері Қарағандыдағы “Сары-Арқа” халықаралық әуежайы жабық, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуе айлағы жұмысын түстен кейін жандандыруды жоспарлап отыр. Әуежай дерегі бойынша, боран мен көктайғаққа байланысты Fly Arystan компаниясының Алматыға рейсі кейінге қалды. Сондай-ақ әуежай қолайсыз ауа райына байланысты осы әуе компаниясының Алматыдан келетін рейсін қабылдай алмады.
Қазір әуежай қызметкерлері ұшу жолағын мұз бен қардан тазалап жатыр.
Әуе айлағы 3117 «Қарағанды-Жезқазған» рейсін 15.00-де, ал 7122 «Қарағанды-Алматы» рейсін 17.00-де ұшыруды жоспарлап отыр.
Қазгидромет хабарлауынша, Қарағанды облысында 14 қаңтарда ауа райына байланысты ескерту жарияланды.
Синоптиктер бұрқасын, көктайғақ және күндіз секундына 23-28 метрге жететін жел соғады деп болжаған.