Қара жұмыстың бәрін әйелдер істейді, ал атақты еркек алады – Қарақат Әбден

30 Қазан 2023, 12:04
2083
Бөлісу:
Қара жұмыстың бәрін әйелдер істейді, ал атақты еркек алады – Қарақат Әбден
Фото: gov.kz

Орынбасарлық қара жұмыстың бәрін істейтін әйелдер болса, атақтың бәрін алатын бірінші басшы – ер-азаматтар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Үкіметке жолдаған сауалында мәлімдеген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын айтып, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды екенін көтерген болатын. Депутат осыған қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді.

«Әйел әкім жоқ»

Қарақат Әбденнің сауалында Президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30%-ға арттыруды тапсырғанын еске салды. Бірақ әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7 пайыз. Тіпті «Қазақстан Темір Жолы», «KEGOC», «Қазақтелеком» сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ.

17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладағы жергілікті билік органдары бойынша мәліметтерін жариялады.

Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді. Бұл көрініс, басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Нақты сандар өңірлік әкімдіктердегі басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайызды ғана құрайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бірде-бір әкім орынбасарлары жоқ, 5 аудан ішінде әйел - әкім тағайындалмаған.

Депутаттың айтуынша, «Әлемдегі ең бақытты елдер» рейтингінде көш бастап тұрған Финляндияның 18 адамнан құралған министрлер кабинетінің 10-ы әйел адам. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әл-ауқаты мықты Исландияның үкіметін әйел адам басқарады екен.

«Қара жұмыстың бәрін әйелдер істейді, ал атақты еркек алады»

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Орынбасарлық қара жұмыстың бәрін істейтін әйелдер болса, атақтың бәрін алатын бірінші басшы – ер-азаматтар. Осы әділетті ме? Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта да 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек, - деген еді Әбден.

Ол Үкіметке жолдаған сауалында әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткішті қосуды және әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлауды ұсынған болатын.

Үкімет не дейді?

Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттың гендерлік саясатқа қатысты депутаттық сауалына жауап берді.

2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат туралы тұжырымдамада атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларындағы әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейіндегі үлесіне қатысты нысаналы индикатор айқындалған. 2023 жылға қарай – 25%, 2027 жылға қарай – 27%, 2030 жылға қарай – 30 %, - деді Үкімет басшысы өз жауабында.

Тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарына сәйкес 2022 жылы көрсеткішке қол жеткізу үшін жоспарлау және бюджеттеу құжаттарына гендерлік талдау жүргізілді, «Гендерлік қажеттіліктер мен талаптар картасы: этностың, аймақтың және таптың әсері» жобасы іске асырылды, 7 индикатор бойынша ақпарат жүйеге келтірілді (табысқа, басқаруға, білім беруге, денсаулық сақтауға, цифрлық қызметтерге, зорлық-зомбылықтан қорғауға қол жеткізу).

Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін арттыру жөніндегі әлеуметтік жобаларды іске асырып жатыр.

Ұлттық экономика министрлігі 2019 жылдан бастап акционерлік қоғамдардың даму жоспарларына енгізілген индикаторларға, атап айтқанда, әйелдердің топ-менеджменттегі үлесін айқындайтын көрсеткішке қол жеткізу мониторингін жүргізіп келеді. Осы мақсаттарда Корпоративтік басқарудың үлгілік кодексіне, сондай-ақ Корпоративтік басқару кодексіне3 өзгерістер енгізілді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік статистика жүйесіндегі гендерлік көрсеткіштерді кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - делінген Смайыловтың ресми жауабында.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен және СЖжРА-мен бірлесіп, гендерлік индикаторлар мен көрсеткіштерді орталық және жергілікті атқарушы органдардың даму жоспарларына енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 2023 жылдың соңына дейін Қазақстанның гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы ЭЫДҰ стандарттарына қол жеткізуіне талдау жүргізіліп, жол картасы әзірленеді.

Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары

Қазіргі уақытта «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң жүзеге асырылып жатыр. Әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын қолдауды қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызметтегі әйелдер санын 30%-ға дейін арттыру және т.б. баса назар аударылып келеді

Ел басқару қызметтерінде Премьер-министрдің орынбасары – әйел, 19 министрлікте 3 әйел азамат - Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және ақпарат министрі, 9 вице-министр, 3 аппарат басшысы қызметінде. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 9 әйел басшы лауазымында, - деді Әлихан Смайылов.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 55,4 % (83 963-тің 46 546-сы): оның ішінде саяси – 8,1 % (726-ның 59-ы), «А» әкімшілік корпусы – 9,8 % (92-нің 9-ы), «Б» корпусы – 55,9 % (83 145-тің 46 478-і). Әйел судьялар мен басшылардың үлесі 39,2 % (23 649-дың 9 261-і), прокуратура органдарында 1 104 прокурор (22%) жұмыс істейді, оның 79-ы басшылар.

Сайлауалды партиялық тізімдердегі, сондай-ақ депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар тұлғалар үшін заңнамалық деңгейде 30% квота енгізілді. Бүгінде Парламентте 29 әйел бар, бұл депутаттардың жалпы санының 19,6%-ы.

Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын, осыған байланысты бұл жұмыс қолданыстағы тетіктер мен жобалар аясында жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы