- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Қара бүркітте" жоқ: Яна Легкодимованы өлтіргендерге қатысты жаңа сұрақтар туындады
"Қара бүркітте" жоқ: Яна Легкодимованы өлтіргендерге қатысты жаңа сұрақтар туындады
Өмір бойына сотталғандардың нақты қайда отырғаны белгісіз болып шықты. Марқұмның анасы мен заңгерлер жауапсыз қалған маңызды сұрақтарды көтерді.
Бүгiн 2026, 19:29
Қаза тапқан Яна Легкодимованың анасы қызының өліміне кінәлі деп танылғандардың жазасын нақты қай жерде өтеп жатқанына қатысты күмән білдірді. Бұған өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды төтенше қауіпсіздік мекемесі саналатын «Қара бүркіттен» емес, Қостанай облысындағы №76 мекемеден көргендерін айтқан азаматтардың хабарламалары себеп болған.
BAQ.KZ тілшісі марқұмның анасы Галина Легкодимовамен байланысып, мәселенің мән-жайын сұрады. Оның айтуынша, бұл туралы алғаш рет маусым айының басында білген.
Әңгіме Яна Легкодимованы өлтіргені үшін сот өмір бойына бас бостандығынан айырған Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов туралы болып отыр.
Галина Легкодимованың сөзінше, үкім заңды күшіне енгеннен кейін отбасы сотталғандар өмір бойына сотталғандарға арналған колонияға бірден жеткізіледі деп ойлаған. Алайда кейін олардың Атырауда әлі де жүргені белгілі болған.
Мен олар әлдеқашан кетіп қалған шығар деп ойладым. Неліктен әлі күнге дейін Атырауда жүргенін білу үшін сұрау жолдадық. Кейін олардың арнайы конвой күтіп отырғаны белгілі болды. Ақырында бізге оларды 19 сәуірде Атыраудан алып кеткенін хабарлады, – дейді ол.
Осыдан кейін Легкодимова сотталғандардың шынымен жазасын өтеу орнына жеткізілгеніне көз жеткізгісі келген.
ҚАЖК сотталғандардың нақты қайда екенін айтпаған
8 мамырда ол Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) ресми сауал жолдап, сотталғандардың қайда екенін хабарлауды сұраған.
Жауап екі жарым аптадан кейін келген.
Маған «Сауалда көрсетілген сотталғандар сот үкіміне сәйкес жазасын өтеуде» деп жауап берді. Болды. Бірақ нақты мекеменің атауы көрсетілмеген, – дейді марқұмның анасы.
Оның айтуынша, бастапқыда бұл мәселеге аса мән бермеген. Алайда кейін өмір бойына сотталғандардың жалғыз төтенше қауіпсіздік мекемесі саналатын «Қара бүркітте» емес екені туралы хабарламалар келе бастаған.
Мұндай алғашқы мәліметтер маусым айының басында түскен.
Маған WhatsApp арқылы бір адам жазды. Бұл анонимді хат та, жалған аккаунт та емес. Біз дауыстық хабарламалар арқылы сөйлестік, мен барлық жайтты нақтылап сұрадым. Ол ештеңені өшірген жоқ, жасырынбады. Тек телефон нөмірін жарияламауды өтінді, – дейді Галина Легкодимова.
Оның сөзінше, хабарласқан адам Янаны өлтіргені үшін сотталғандарды Қостанай облысындағы №76 мекемеден көргенін айтқан.
Маған олардың №76 мекемеде отырғанын айтты. Сондай-ақ олар басқа сотталғандардан бөлек, жеке камераларда ұсталады екен. Мүмкін бұл аралық кезең шығар немесе «Қара бүркітте» орын жоқ шығар. Әлде біреудің бастамасы ма – оны білмейміз, – дейді ол.
Күдік бірнеше күн бұрын түскен тағы бір хабарламадан кейін күшейе түскен.
«Қара бүркітке» олар әлі жетпеген
Легкодимованың айтуынша, онымен Жітіқара қаласының тұрғыны байланысқа шыққан.
Алдыңғы күні тағы бір адам жазды. Оның айтуынша, «Қара бүркіттің» қызметкерлері сотталғандарды күткен, бірақ олар бүгінге дейін ол жерге жеткізілмеген, – дейді Галина Легкодимова.
Ол ҚАЖК-нің нақты жауап бермеуі күмәнді одан әрі күшейткенін айтады.
Егер ҚАЖК олардың қай мекемеде отырғанын нақты көрсетсе, ешқандай сұрақ туындамас еді. Ал жауапта мекеменің атауы көрсетілмей, адамдар «Қара бүркітте» оларды көрмегенін айтып жатса, бұл алаңдаушылық тудырады, – деді жәбірленуші.
Оның сөзінше, осындай сауалды журналистер де жолдаған.
Бір журналист маған дәл мен алған жауапты алғанын жазды. Онда да нақты мекеме көрсетілмеген, – дейді ол.
Заңгерлер не дейді?
Заңгерлердің пікірінше, жәбірленуші тарап сотталғандардың қайда отырғанын білуге құқылы.
Адвокат Жанна Уразбахова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сотталғандардың жазасын өтеп жатқан орны жәбірленушілер үшін жабық ақпарат емес екенін айтты.
Жәбірленушілер сотталғандардың қайда отырғанын білуге құқылы. Олар прокуратураға немесе қылмыстық-атқару жүйесі органдарына сұрау жолдап, бұл ақпаратты ала алады. Сотталғандардың орналасқан жері жәбірленушілер үшін құпия саналмайды, – деді адвокат.
Оның айтуынша, өмір бойына сотталғандарды басқа мекемеге ауыстыру ықтималдығы өте төмен.
Осыған ұқсас пікірді адвокат Сәуле Қобжанова да білдірді.
Әрине, жәбірленушінің анасы сұрау жолдап, сотталғандардың жазасын қайда өтеп жатқанын білуге толық құқылы. Оған бұл туралы міндетті түрде хабарлануы керек, – деді ол.
Қобжанова өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар тек арнайы мекемеде ұсталуы тиіс екенін еске салды.
Олар тек өмір бойына сотталғандарға арналған колонияда жазасын өтеуі керек. Мұндай колония – «Қара бүркіт», – деді адвокат.
Оның айтуынша, сотталғандардың басқа мекемеде отырғаны туралы ақпарат ресми түсіндіруді қажет етеді.
Оларды басқа колониядан көргені өте оғаш жағдай. Мүмкін, «Қара бүркіттің» филиалы ашылған шығар? Мұны ҚАЖ департаментінен нақтылау қажет. Олар басқа мекемеде отырмауы тиіс. Заңнамада өмір бойына сотталғандарды арнайы колонияда ұстау нақты көзделген. Ешқандай себеппен басқа мекемеге ауыстыру қарастырылмаған. Тек Президенттің кешірім жасауы нәтижесінде өмір бойғы жаза белгілі бір мерзімге ауыстырылса ғана ерекшелік болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда ондай нұсқа жоқ. Сондықтан олар дәл «Қара бүркітте» жазасын өтеуі тиіс, – деді адвокат.
Осылайша, сотталғандарды этаптағаннан кейін екі айға жуық уақыт өтсе де, Яна Легкодимованың отбасы қызының өліміне кінәлі деп танылғандардың нақты қай мекемеде отырғанын әлі күнге дейін білмейді. Ал ҚАЖК берген жауапта колонияның атауы көрсетілмеген. Бұл ретте тарап жатқан мәліметтер сотталғандардың жазасын нақты қай жерде өтеп жатқанына қатысты сұрақтарды одан әрі көбейтіп отыр.
BAQ.KZ редакциясы бұл мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдады.
Еске салайық, Атырау қаласының 22 жастағы тұрғыны Яна Легкодимова 2023 жылдың шілде айында жоғалып кеткен болатын. Кейін оның денесі дала аймағынан табылды. Тергеу барысында қыздың ұрланып, артынша өлтірілгені анықталған.
2025 жылдың қаңтарында Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовты Яна Легкодимованы өлтіргені үшін кінәлі деп танып, екеуін де өмір бойына бас бостандығынан айырған. Кейін үкім заңды күшіне енді.
Тағы оқи отырыңыз: Яна Легкодимованың өлімі: Полиция жантүршігерлік видео жариялады
Террористер, педофилдер және қанішерлер: «Қара бүркітте» біз білмейтін тағы не бар?
Ең оқылған:
- "Александр Пактың қанынан алкоголь табылған": Адвокат куәгерлер сөзі мен сараптама арасында қайшылық барын айтты
- Бектенов жаңа зауыттарды тексерді: Елордада енді қандай өнімдер шығарылады?
- Қанға толы шприцтер: БҚО-дағы ауыл маңынан сұмдық видео тарады
- Өзбекстанда газ құю бекетінде болған жарылыстан 6 адам мерт болды
- "Бұл дағдарысты шешкен бірде-бір ел жоқ": Түркиялық сарапшы БЖЗҚ реформасы жайлы
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ