«Қазгидромет» бүгінге, 10 қарашаға еліміздің 17 облысында дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер бірқатар өңірде қатты жауын-шашын, қар, көктайғақ, тұман және күшті жел күтілетінін хабарлады.
Алматы, Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында жаңбыр, кей жерлерде қатты жауын-шашын болжанады. Түркістан мен Жамбыл облыстарында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы облысының кей аумақтарында шаңды дауыл күтіледі.
Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Абай облысында да қатты жауын-шашын мен желдің күшеюі болжанған.
Сонымен қатар бірқатар өңірде тұман түсіп, кей жерлерде найзағай ойнайды. Алматы, Жамбыл, Жетісу және Қызылорда облыстарының жекелеген аумақтарында өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.