Қақпа астында қалған бала ауруханадан шықты

3 Мамыр 2023, 19:41
869
Бөлісу:
Қақпа астында қалған бала ауруханадан шықты
Фото: автордан

Қостанайда ойын алаңында футбол қақпасының астында қалған бала ауруханадан шықты. Бір өлімнен қалған баланың ата-анасы осы оқиғаға қатысты кінәлілерді анықтау үшін полицияға арыз жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Үйінің маңындағы ойын алаңына достарымен футбол ойнауға шығып, бір ажалдан аман қалған Всеволод Виденчук қазір өзін жақсы сезінетінін, енді мүлдем футбол ойнамайтынын айтты. Ол әлі де болса хирургтың бақылауында болмақ.

Всеволод болашақта ұлды болса міндетті түрде атын Игорь деп атамақ. Оған себеп өзін ажалдан құтқарып қалған Игорь Белобржицкий есімді білікті дәрігер. 16 жастағы Всеволод өзі ихтиолог болуды армандайды екен. Өлім мен өмірдің арасында жатқан баланы құтқаруға атсалысқан дәрігерлер оны барша ықыласпен шығарып салып, алдағы өміріне сәттілік тіледі.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне қанша ризашылығымды білдірсем де артық болмас. Сол сәтте жағдай қиын болды. Бірақ, дәрігерлер баламның өмірін сақтап қалуға соңына дейін күресеміз деп айтты. Мен олардың біліктілігіне сендім. Баламның да төзімі мықты екенін білетінмін. Ұлым сегіз жыл күреспен айналысты, қазір боксқа барып жүр. 12 сәуір күні қызымның туған күні еді. Аяқастынан осындай қиындыққа тап болдық. Жедел жәрдем де тез келді.  Ондай кезде әрбір секунд маңызды ғой, - дейді әкесі Владимир Виденчук.

Дәрігерлер түсіндіргендей, бұндай он екі елі ішектің жарылуы кезінде жылдам шешім қабылдау керек.  Себебі өт жарылып, ішкі ағзаларды зақымдаса ажал құшуы мүмкін.

Солтүстік полиция бөліміне арыз жаздық. Олар ұлының ауруханадан жазылып шығуын күтіп отырды. Мен бұл істі аяқсыз қалдыру дұрыс емес деп ойлаймын. Болашақта ешкімнің баласына қауіп төндірмеуі үшін қаладағы барлық қақпаны бекіткен дұрыс. Осы оқиғадан кейін келесі күні біздің үйдің жанындағы ойын алаңындағы қақпа жерге берік бекітілді,- дейді Владимир Виденчук.

Өзгелердің жаңалығы