Қаныш Сәтбаев дарынды ғалым ғана емес, қазақ әндерінің орындаушысы. Павлодарлық музыканттар Қаныш Имантайұлының музыкадағы келбетін және оның дәстүрлі ән мәдениетін сақтауға, өскелең ұрпақ арасында қазақ ән мұрасын насихаттауға қосқан үлесін ашу мақсатында ауқымды жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бұл іспен «Музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының» ұстаздары айналысып, «Өнер қамқоршысы» атты әдістемелік ұсыныстар кітапшасын шығарды. Көрнекті тұлға - ғалымға ғана емес, өнерге де айрықша қамқор болған жан. Ғалымның орындауындағы 25 әнді белгілі фольклортанушы Александр Затаевич жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» атты іргелі еңбегіне енгізген.
Ұлы тұлға - білімге, ғылымға, өнерге құштар болған жан. Бұл еңбекте Қ.Сәтбаевтың ғалым-академик ретінде ғана емес, қазақ халқының дәстүрлі ән мәдениетінің жеткізушісі, сақтаушы ретінде көрсетеміз. Музыка пәні ұстаздарына арнап отырған жинағымызды тарих, өлкетану, география сабақтарында да пайдалануға болады. Ақпараттарды жинауға екі айға жуық уақыт кетті, - дейді кешен басшысы Серік Сыздықов.
Қаныш Имантайұлы сүйіп шырқаған әндердің қатарында Жаяу Мұсаның «Баянауыл», «Іңкәр», «Екі жирен» халық әндері, Біржан салдың «Мақпал» сияқты танымал шығармалар бар. Олар жоғалып кетпес үшін Қ. Сәтбаев А. Затаевичке ноталарын жаздыртып, жинаққа енгізуді өтінген. Мамандардың айтуынша, бұл әндерді орындауға кәсіби деңгейдегі дағды қажет болғандықтан, әлі зерттеуді талап етеді.
Айта кетейік, Қаныш Сәтбаев жасөспірім шағында шекті аспаптар оркестрінің құрамында бірініш скрипкада ойнаған. Болашақ академик домбыра, мандолин, гитара аспаптарын да меңгерген.