Қаңтарда жамбылдық жүргізушілерден 52 млн теңге айыппұл өндірілді

12 Ақпан 2022, 15:42
1664
Бөлісу:
Қаңтарда жамбылдық жүргізушілерден 52 млн теңге айыппұл өндірілді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биылғы қаңтар айының өзінде Жамбыл облысының автожолдарында 55 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Бұл туралы жергілікті полиция басқармасының басшысы Рахымберді Әшкеев айтып берді. Ал өткен жылдың осындай кезеңінде жолда 73 төтенше жағдай орын алған. Қаңтардағы көлік апаттары кезінде 10 адам көз жұмса, былтыр 17 азамат мерт болған. Тек дене жарақатын алғандар 115-тен 92-ге, яғни 20 пайызға төмендепті. 

Бұл сандарды жолдың маңыздылығына қарай зерделесек, республикалық мәндегі автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны 16,7 пайызға – 18-ден 15-ке төмендегенін көреміз. Онда 6 адам көз жұмып, 30 жолаушы дене жарақатына ұрыныпты. Өкінішке қарай, жергілікті мәндегі жолдардағы жол-көлік оқиғалары 3-тен 13 бір-ақ өскен. Соған орай қаза болғандар да, денсаулығы жапа шеккендер де бірнеше есеге артыпты. Алғашқысы 7-еу болса, кейінгісі – 27. Қалалар мен елді мекендердегі көшелерде орын алған жол-көлік оқиғалары 52-ден 27-ге төмендегенін аңғарамыз. Бұларда 4 азамат қайтыс болса, 35 адам жарақат алған, - деді жауапты маман. 

Рахымберді Дулатұлының пайымынша, жалпы жолдарда қауіпсіздіктің жай-күйін белгілейтін негізгі фактор – көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі көрінеді. Сондықтан да нақты шаралар қолға алынып, түсіндіру жұмыстары үзіліссіз жүргізіліп жатыр. Айталық, жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарына жол қауіпсіздігі бойынша 46 материал жарық көрген. Сонымен қатар 36 еңбек ұжымы мен 76 оқу орындарында 112 дәріс пен әңгімелесу өтіпті. 

Аймақтағы полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін тек қаңтар айының өзінде облыс аумағында 16 локальдік іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ 2 профилактикалық жиын өтті. Атап айтқанда, «Қауіпсіз-жол», «Құқықтық тәртіп» шаралары 19 қаңтардан бастап ерекше өкімге дейін тоқтаған жоқ. Өңірдегі автожолдарда 27 апатты-қауіпті учаске анықталған болатын. Олардың 16-сы республикалық мәндегі жолдарда орналасқан. Бұл тұстарда төтенше жағдайлардың туындауының бір себебі – жүргізушілер рөльде ұйықтап кетеді. Апатты-қауіпті аймақтардың 5-еуі облыстық мәндегі автожолдарда болса, 3-еуі Тараз қаласының көшелерінде, - деді Әшкеев. 

Оның айтуына қарағанда, ​Жамбыл облысының полиция департаменті мамандары жол жүру қауіпсіздігіне әсер ететін жолдардың авариялық-қауіпті аймақтарын жою бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Нақтылай айтқанда, өңірдің автомобиль жолдарына 111 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 623 шақырым жол қамтылып, 327 ақау анықталыпты. Солардың негізінде жауапты мекемелерге тиісті нұсқамалар берілген. 

Жол инфрақұрылымын жақсарту, өткізу қабілетін арттыру және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 4 ақпарат жолданды. ​Сонымен бірге Әкімшілік полиция басқармасына әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында биылғы қаңтар айында 35 млн 20 мың теңге айыппұл өндіру болжамы қойылған. Ал біз бұл көрсеткіштен асырып, 52 млн 382 мың теңге артық өндіріп алдық, - деді басқарма басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы