Қаңтарда Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті

14 Ақпан 2023, 10:45
1318
Бөлісу:
Қаңтарда Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті

Биыл қаңтар айында Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл қаңтар айында Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,3%, ал қызмет көрсету саласында 7,6%, - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар барлық негізгі сала бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, сауда, ақпарат және байланыс және құрылыс ең жоғарғы өсуді көрсетті. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,6%-ке, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 33,7%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ке, көлікте және қоймалауда – 31,8%-ке өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы, Ұлытау, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында байқалады, - деп түсіндірді Жақсылықов Үкіметте.

Ол жекелеген облыстар бөлінісіндегі жоғары көрсеткіштер өткен жылдың базалық деңгейінің төмендігіне байланысты екенін атап өтті.

Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ке өсіп, 134,4 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ке өсіп, 84,4 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,6%-ке ұлғайып, 26,5 млрд доллар болды, - деп түсіндірді Ұлттық экономика вице-министрі.

Өзгелердің жаңалығы