Ғалым-сарапшылар «Қаңтар қасіреті» оқиғасын талқылады
20 Қаңтар, 17:27 1056

Ғалым-сарапшылар «Қаңтар қасіреті» оқиғасын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалым-сарапшылар «Қаңтар қасіреті» оқиғасын талқылады.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев онлайн-жиын елімізде болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасау үшін өткізілгенін айтты.

Кездесудің негізгі мақсаты – болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау. Бізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды, – деді ЖОО ректоры.

Кездесуде Жансейіт Түймебаев сарапшыларға нақты міндеттерді айқындап, бірқатар тапсырма жүктеді.

Талдау және мониторинг жүргізу, мүдделі мемлекеттік құрылымдарға, органдарға және әртүрлі деңгейдегі арнайы қызметтерге нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Сондай-ақ ол саяси, әлеуметтік, психологиялық зерттеулер, фокус-топтар, сараптамалық бағалаулар, сауалнамалар жүргізу керек. Құқықтық бағалау, модельдеу жұмыстарын жүргізіп, идеологиялық сипаттағы іс-шараларды өткізудің әдістері мен технологияларын, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқауларын, алгоритмдерін құрастыру қажет, - деді ол.

Сонымен қатар білім ордасының ректоры қаңтар оқиғасына байланысты фактілерді жинақтап, себеп-салдарын анықтауды және қиын кезден шығу жолдарын қарастыруды тапсырды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...