Қаңтар оқиғасында Алматыда кран басқаратын екі азаматты атып кеткен

9 Сәуір 2022, 17:54
2979
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасында Алматыда кран басқаратын екі азаматты атып кеткен

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар оқиғасы бойынша құрылған «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова күйеулерінен айырылған екі әйел көмек көрсетулерін сұрап жүгінгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алматыда кран басқаратын екі азаматты қаңтардың 5-де белгісіз адамдар атып кеткен. Марқұм болғандардың артында кәмелет жасына толмаған балалары қалған.

«Ақиқат» комиссиясына жүгінген екі әйелдің де күйеуі Қаңтар оқиғасында қаза тапқан.

Марқұмның бірінің жесірі Айгүл Балқыбекова жолдасы жұмысқа кетіп, содан оралмағанын айтады.

Күйеуім қайтыс болған соң екі баламен қалдым, қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Өз үйіміз жоқ, бір ұл, бір қызым бар. Қызым мүгедек. Жағдайыма байланысты сіздерден көмек сұраймын. Күйеуімнің өлімі бойынша тергеу жүрді, бірақ ол бойынша әлі жауап жоқ. Бізді жәбірленуші ретінде таныды,-деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған тағы бір әйел Оксана Двенадцатова үш баласымен қиын жағдайда қалғанын жеткізді.

Үш балам әкесіз қалды. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз, қол ұштарыңызды созуларыңызды сұраймыз. Тергеу кезінде бізді жәбірленуші деп таныған, бірақ құзырлы органдардан осы күнге дейін ешқандай жауап алмадық,-дейді ол.

«Ақиқат» комиссиясының төрайымы бұл екі әйелдің өтінішімен Алматы қаласы Полиция департаментіне сұрау жіберетінін мәлімдеді. Дегенмен баласымен қалған әйелдерге көмек көрсету қажеттігін айтты.
 

Өзгелердің жаңалығы