Қаңтар оқиғасы. Басшылардың саботаж жасау әрекеттерін әшкере еттік – адвокат

5 Қаңтар 2023, 13:07
757
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Басшылардың саботаж жасау әрекеттерін әшкере еттік – адвокат

Адвокат Абзал Құспан кейбір құқық қорғау органдары басшылығының қаңтар оқиғасын объективті тергеу туралы Президент тапсырмасын орындамау, тіпті саботаж жасау әрекеттері әшкерелегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Танымал адвокат, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан комиссияның жыл бойы қандай жұмыс атқарғанын айтты.

Комиссия алғашқы жұмысын 2022 жылғы 24 қаңтар күні Алматы қаласындағы тергеу изоляторларына кіріп, қамалғандардың жағдайымен жеке танысудан, іске қатысты мәліметтерді өз ауыздарынан естіп, олардың туыстары мен адвокаттарымен, елге белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесіп, қалалық прокуратура арқылы қылмыстық іс материалдарымен танысудан бастады. Нәтижесінде комиссия бірінші күні-ақ ондаған адамды қамаудан босатуға ықпал етті. Олар негізінен қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жарақат алған азаматтар болды. Ол жұмыс кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент, Семей қалаларында жалғасын тауып, қылмыстық істер бойынша қамауға алынған 1 600-дей адамның 600-ге жуығының бас жазасын өзгертуге ықпал еттік, - деп айтты Құспан.

Оның сөзінше, бұл жағдай қоғам тарапынан оң бағасын алып, әділдікке, әділ тергеу болатынына елдің сенімін оятты.

Өңірдегі кейбір құқық қорғау органдары басшылығының қаңтар оқиғасын объективті тергеу туралы Президент тапсырмасын орындамау, тіпті саботаж жасау әрекеттерін әшкере еттік. Орталық және өңірлік мемлекеттік органдар мен құқық қорғау басшыларымен байланыс орнатып, бірлесе әрекет еттік. Оларға өз ұсыныстарымызды беріп отырдық. Қаңтар оқиғасы кезінде арандатушы топтардың жетегімен қылмыстық әрекеттерге барған азаматтарға рақымшылық қолдану туралы Президентке ұсыныс бердік. Осы заңның (Рақымшылық жасау туралы – ред.) қабылдануына мұрындық болдық, - деді адвокат.

Құспан қазіргі күні заңның орындалуына да атсалысып жатқанын айтты.

Рақымшылық жасау туралы заңның арқасында қылмысқа тартылған мыңдаған адамның басым бөлігі жауапкершіліктен босатылып немесе жеңілдіктерге ие болады. Нақты бір оқиғаға байланысты бірреттік рақымшылық заңы елімізде алғаш рет қабылданып отыр, - деп атап өтті ол Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы