Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау қашан басталады?

19 Желтоқсан 2022, 17:19
1030
Бөлісу:
Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау қашан басталады?

Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

ҰБТ-2023 форматында өзгерістер жоқ. Алайда, «Қазақстан тарихы» (20 сұрақ) және «Оқу сауаттылығы» (15 сұрақ) пәндерінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

Сонымен қатар дистракторлардың (жауап нұсқалары) саны азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.

Қаңтардан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Сондайа-ақ, барлық талапкерлер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады, – деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

Өзгелердің жаңалығы