Қаңтар айында астаналықтар МӘМС үшін 5,9 млрд теңге жарна аударды

10 Ақпан 2023, 09:39
823
Бөлісу:
Қаңтар айында астаналықтар МӘМС үшін 5,9 млрд теңге жарна аударды
Фото: Егемен Қазақстан

Астана қаласы бойынша 2023 жылдың қаңтар айында МӘМС үшін 5,9 млрд теңгеден аса жарна аударылған. Ал, жалпы 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2023 жылдың 31 қаңтары аралығында елордалықтардан медициналық сақтандыру үшін түскен жалпы сома 173,9 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Астана қаласы бойынша осы жылдың қаңтар айында МӘМС үшін елордалықтар 5,9 млрд теңгеден аса жарна аударған. Оның ішінде 3,2 млрд теңгеден аса сома – жұмыс берушілердің, 2,7 млрд теңгеге жуығы – жеке кәсіпкерлердің аударымдары. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүргізетін 8453 төлеушіден 13,3 млн. теңге түскен.  

Естеріңізге салайық, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады. 

Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда:  

 Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
@saqtandyrybot телеграмботы
1406 байланыс орталығы
Қордың fms.kz сайты кері байланыс арналары арқылы Қорға хабарласуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  өтінішіңізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы