Қаңтар айында 2 300-ден астам алтын құйма сатылды

27 Ақпан 2023, 18:03
1280
Бөлісу:
Қаңтар айында 2 300-ден астам алтын құйма сатылды
Фото: ult.kz

2023 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 79,5 келі 2 364 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,9 тонна 115 209 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 29 723 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 25 538 дана (22%), 100 грамдық құйма – 23 460 дана (20%), 20 грамдық құйма – 23 131 дана (20%), және 50 граммдық құйма – 13 357 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Алтын құйма – сенімді инвестиция құралы. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пунктер жалпы салмағы 484,6 келі 19 228 алтын құйманы кері сатып алды, бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Кері сатып алынған құймалардың барлығы Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қораппен шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Алтын құймаларды Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jusan Bank-нен, ЦентрКредит Банкінен, сондай-ақ банктік емес жекелеген пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Қаңтар айында 2 300-ден астам алтын құйма сатылды
Өзгелердің жаңалығы