Қанша офицер бала күтіміне байланысты декретте жүр?

Әскери қызметтегі офицерлерге қатысты жаңа норма енгізіледі.

Бүгiн 2026, 11:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:50
Бүгiн 2026, 11:50
321
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда қазіргі уақытта 42 офицер бала күтіміне байланысты демалыста жүр. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, елде 24 ай мерзімге әскери қызметке шақырылатын офицерлердің қызмет өткеру тәртібіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Енді бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт әскери қызмет мерзіміне есептелмейді.

Мысалы офицер 24 айға әскери қызметке шақырылды. Екі ай қызмет атқарып, бала күтіміне байланысты демалысқа шықты делік. Бұрын 24 ай өткен соң ол әскери қызметін толық өтеген болып саналатын. Жаңа заңға сәйкес, демалыс кезеңінде қызмет мерзімінің есебі тоқтатылады, – деді Асқар Мұстабеков.

Оның түсіндіруінше, әскери қызметші 6 ай қызмет етіп, кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, демалыстан оралған соң қалған 18 айын толық өтеуге міндетті болады.

Министрдің орынбасары бұл өзгеріс бұрын қабылданған шешімдерге қолданылмайтынын атап өтті. Яғни заңның кері күші болмайды.

Журналистердің сұрағына жауап берген Асқар Мұстабеков қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста 42 офицердің жүргенін айтты.

Айта кетейік, сөз мерзімді әскери қызметшілер туралы емес. Бұл норма әскери кафедраны тәмамдап, офицерлік атақ алған және кейін екі жылдық әскери қызметке шақырылған азаматтарға қатысты. Олар Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарда офицер ретінде қызмет атқарады.

Қорғаныс министрлігі әзірге жаңа нормалардың бала күтіміне байланысты демалыс алатын офицерлер санына қалай әсер ететінін бағалау ерте екенін мәлімдеді.

Наверх