Маңғыстауда қараусыз иттерден қауіп көбейіп барады. Иттердің ауыздықсыз кетуіне ең алдымен былтыр наурыз айында күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң» қолбайлау болып тұр, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Жақында Жаңаөзен қаласында екі жасөспірімді ит талап тастады. Иесіз иттерден төнген қауіпті сейілту үшін не істеу керек? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Дүйсенбектің айтуынша, соңғы заңның негізінде панажай салынуы керек. Ең болмағанда әрбір аудан, қала орталығында болуы шарт. Мұның төркіні халықаралық принциптерге негізделеді. Қазақстан көптеген келісім шарттарға қол қойған. Әр түрлі гуманитарлық мәселелер, осының ішінде үй жануарларын, қаңғыбас жануарлар болса да жөн жосықсыз өлтіре беруге болмайды делінеді. Сол себептен осы мәселе қолға алына бастады. Жалпы шетелдерде, бұрынғы Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Грузияда осы заң шығып бірнеше жыл бұрын барлық аудан-қалаларға панажайлар салынып, содан кейін осы заңды іске асырған. Олардың тәжірибесі бойынша итті қырып-жойып ата бергеннен ит азаймайды. Осы науқан басталғанда Грузияда 40 мың ит болған екен. Панажайға әкеліп, еркегі болса кастрациялап, ұрғашысын стирилизациялап, сырға тағып қоя береді. Осы шаруалардан кейін Грузияда 40 мың иттен 20 мыңы қалған. Өздігінен азаяды. Ал, келесі бесжылдықта болмашы ғана ит қалып, көбеюіне жағдай жасамаған. Сөйтіп Грузия халықаралық шарттарды да, өздерінің заңдарын да қатар орындап отыр.
Заңның қабылданғанына бір жылдан асса да, Жаңаөзен ғана емес, облыс орталығы Ақтауда да әлі күнге дейін панажай жоқ.
Бұл жерде жоғырыдан жіберілген кемшілік бар. Заңды шығарып жіберді. Шындығында не істеу керек еді? Ең бірінші, панажайлардың инфрақұрылымдарын жасап алу керек еді. Содан кейін заңды шығару қажет. Панажай – құрылыс нысаны. Заң жүзінде типтік талаптарға сай салыну керек. Бізде ондай жұмыстар көп уақыт алады. Қаржы бөлу де оңай емес. Бізде заң шықты. Панажайларды құру жұмыстары әлі жолға қойылмай жатыр. Қаражатты бөлу мәселесі жүруде. Кедергі болып тұрғаны қаржылық ұйымдастыру мәселесі. Осындай іспен айналысатын мекемелерге Қаржы министрілігінің 403- бұйрығымен бекітілген біріңғай сырыптама деген болады. Онда қаржыны аудару жазылады. Ал бізде ол жоқ болып шықты. Кез-келген құрылысты салған уақытта типтік талаптар, стандарттар болады ғой. Сол енді жасалынып жатыр, – дейді Нұрсұлтан Дүйсенбек.
Енді панажайларға байланысты пунктерді кімдер іске асыруы керек деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Панажайлар жергілікті атқарушы органдарға тиесілі болады. Демек аудан, қала әкімдіктері ұйымдастыруы керек. Заңда нысан тек мемлекеттікі болу шарт деген сөз жоқ, кәсіпкерлермен бірге жүргізуге де болады екен. Яғни, мемлекеттік жекешелендіру әріптестік негізінде кәсіпкерлерді тартуға болады.
Қазір қаңғыбас жануарларды аулауды аудан, қалалардың ветериналық станциялары жүргізеді. Бұл бір. Екіншіден, жеке-дара кәсіпкерлер де қолға алған. Айта кететін жайт, аудан, қалалардың ветеринарлық ұйымдары болашақта бұл қызметті өздерінен алып тастамақ. Себебі: ветеринарлық дәрігерлер жануарларды өлтіруге болмайды. Бұл – осы сала мамандарының имиджіне қайшы. Бұрын мұнымен коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы мамандары айналысты.
Иттер шабуыл жасаған жағдайда учаскелік полицияға жүгінуге болады. Қаңғыбас иттер топ болып жүреді. Әкімдікке арыз-шағым жазу керек. Ветеринарлық станцияға тапсырма түскен соң қызметкерлер шоғырланған иттердің тобын аулайды. Қаңғыбас иттерден бөлек иесі бар төрт аяқтылардың да көшеге шығып кетіп, адамға шабуыл жасауы тыйылмай тұр. Қазір бұл жалғыз Маңғыстау облысы емес, ел бойынша өзекті мәселе болып отыр. Тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бүгін қаңғыбас иттерге шағымданатындардың көп екенін айтты.
Қазір халықтың көп бөлігі қаңғыбас иттерді бірден жойып тастауды талап етіп отыр. Бірақ зооқорғаушы ұйымдар мен олардың белсенділері оған қарсы. Мәселен, қызметшілер арыз жазушылармен бірге ит аулап жатса, бір жағында зооқорғаушылар бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеп әуре болады. Соның салдарынан ит аулаушылар екі жақты қыспақта қалып отыр. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы өңірде 1354 адамды ит тістеген. Оның ішінде 652 ересек адам болса, 14 жасқа дейінгі бала 702. Ал 2022 жылы облыс бойынша 1500 адамды ит талағаны белгілі. Оның 713-і ересек, 787-сі бала. Биылғы қаңтардан бері 259 адамды ит қапқан. 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылды иттерден зардап шеккен адамдар саны 11 пайызға көбейіп отыр. Осы жерде адамдарға шабуыл жасаған иттердің жартысының иесі бар екенін де айта кету керек. Тұрғындарға өз қарамағындағы иттерді ұстау талабын қатайту жағын да қарау қажет.
Елімізде арнайы заңы бар. Егер талаған иттердің иелерін әкімшілік жазаға тарту жөнінде. Бұл жерде де мәселе бар. Мысалы, итті әкеліп асырайды. Бірақ тіркетпейді. Шамамен ит асырап тіркететіндердің саны 10-15 пайыздан аспайды. 100 иттің 10-15 ғана тіркеледі. Ит ауладан шығып кетіп көрші үйдің баласын тістесе, учаскелік полицияға менің итім емес деп шарадан жалтарып кетеді. Былтыр Сайын ауылында бір баланы көршісінің иті оңдырмай тістеген болып шықты. Иесі мойындамай отыр, ит менікі емес деп. Осы жерде, біз бірнеше рет ұсыныс жасап жоғарыға мәселе қойдық, ит асырайтын адамға жауапкершілікті қатаңдату керек. Үйіңізде ит жүр ме, заң алдында жауап беруге міндеттісің. Заң алдында жауап беретінін білген адам итін дұрыстап байлап ұстайды, - деп ой түйді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Дүйсенбек.
Айта кетейік, Ақтауда панажай салуға қалалық әкімдік жер бөлді. Құрылыс салу үшін жобасы жасалады. Ол үшін типтік талап немесе стандарт керек. Панажай салуға Ақтау әкімдігі бюджетке өтінім беріп, оған 19 млн 642 мың теңге бөліп отыр.