Қаңғыбас ит-мысықтарға да ізгілікпен қарау керек – мамандар

8 Ақпан 2022, 18:19
2128
Бөлісу:
Қаңғыбас ит-мысықтарға да ізгілікпен қарау керек – мамандар
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қаңғыбас үй жануарларының саны күрт өсті. Былтыр тұрғындарға қауіп төндірген ит-мысықтардың 12 мыңнан астамы ұсталған. Бұған қарамастан, көбейіп келеді. Өткен жылы сала мамандары оларды жоюға мәжбүр болған. Жаңа заңнама ит-мысықтарға ізгілікпен қарауға сеп болмақ.

Ветеринариялық қызмет өкілдерінің айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі заң жобасы салдағы көптеген проблеманы түбегейлі шешеді. Мәселен, қаңғыбас иттерді атуға заңмен тыйым салынады. Ал зарарсыздандыруға мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылады. 

Павлодар қалалық ветеринария басқармасының басшысы Бақытжан Әбдірахмановтың айтуынша, өткен жылы қаңғыбас иттерді жоюға 55 млн теңге қарастырылған. 

Заң күшіне енген соң біз ит-мысықтарды өлтірмейміз. Ұстап алған соң, денсаулықтарын тексереміз. Жақсы жағдайда болса, зарарсыздандырамыз. Егер ауру болса, ұйықтатуға тура келеді. Себебі, түрлі инфекцияларды таратуы мүмкін. Кей кездері қожайындары да табылуы мүмкін. Осындай жағдайда төрт аяқтыларды қайтаруға әрекеттену керек. Стерильдеу жағына келсек, бүгінде бұл жұмыс демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Былтыр 200-ге жуық мысық ұрықсыздандырылды. Ал иттердің саны айтарлықтай аз. Заңнама реттелсе, бұл бағыттағы жұмыс өзгереді. Сонымен қатар жануарларға арналған орындар мен орталықтар қаржыландырылады, - дейді Бақытжан Әбдірахманов.

Жануар жанашырларының да айтары бар. Олар ит-мысықтарды жерлеу жағы дұрыс реттелсе дейді. Себебі қазіргі уақытта заңнама бойынша ит-мысықтың өлексесі биологиялық қалдыққа теңестірілген. Оларды мал қорымдарына тастау керек. Ал жануар иелері сүйікті достарын жағып, кейін күлін сақтауға мүмкіндік болса деген тілек білдіруде. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта көше кезіп жүрген жануарлардың басым бөлігі тастанды. Қожайындары асырап, кейін лақтырып кеткен. Ол тең жартысы түрлі ауруларға шалдығады. Бұл мәселенің шешілуі келешектің еншісінде. 

Өзгелердің жаңалығы