Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бизнеспен қоғамдық тамақтану орындарында қызмет көрсеткені үшін 10% төлем алудың заңдылығын және мекемелердегі депозиттік жүйенің ережелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен кездесті. Кездесуге арқау болған мәселе - қоғамдық тамақтану қызметтерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау.
Мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерге қызмет көрсеткені үшін 10% төлем алу тәжірибесінің заңдылығын, сондай-ақ депозиттік жүйе мәселелерін талқылады. Министр Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, қоғамдық тамақтану саласында ас мәзірін ұсыну жария оферта болып табылатынын, сәйкесінше, қызмет көрсету үшін ақы төлеу қажеттілігі туралы ақпарат ас мәзірінде көрсетілуге тиіс екенін еске салды. Егер ондай ақпарат болмаса, онда төлемақы алу заңсыз деп есептеледі.
Келушілерге қызмет көрсеткені үшін заңсыз ақы алуды болдырмау үшін Ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді мейрамханалар қызмет көрсету ақысын тек мәзірде көрсетілген жағдайда ғана ала алады. Сондай-ақ «депозиттік жүйеге» тыйым салатын ережелер айтылды. Келушілер үшін кіру тегін болып қалады, алайда қосымша қызметтер үшін, мысалы, VIP-кабина, караоке-кабина үшін ақы алуға болады.
Кездесу барысында Арман Шаққалиев кәсіпкерлердің талқылауына қызмет көрсету үшін ақы төлеу ережелерін нақтылаудың орындылығы туралы мәселені ұсынды.
Тәуелсіз рестораторлар одағының төрағасы Радован Симоновичтің пікірінше, нарық қажетті процестерді реттейді, бірақ сауда министрлігінің осы нарықтың нақты ережелерін қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Біз мемлекет тарапынан реттеу нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасау үшін қажет екенін түсінеміз. Сауда министрлігі бизнестің де, тұтынушылардың да ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Нарық 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп, тұрақты өсім көрсетіп келеді, бұған мейрамханалар мен дәмханалар санының жыл сайын артуы себеп. Көптеген кәсіпкер клиенттерге қызмет көрсеткені үшін қосымша 10% алым туралы ақпаратты көрсетеді, - деді Радован Симонович.
Қоғамдық тамақтандырудың өзін-өзі реттейтін ұйымының төрайымы Вероника Нұрпейісованың айтуынша, көпшілік оферта ережесіне сәйкес мейрамханалар мен дәмханалар мекемеге кірген кезде қызмет көрсеткені үшін алым төлеу қажеттігі туралы келушілерді хабардар етеді.
Егер кәсіпкерлердің өздері қызмет көрсеткені үшін 10%-ын жинап, құнын белгілесе, мысалы, қызмет көрсетусіз - 5500 теңге, ал көрші мекемеде қызмет көрсетумен - 5000 теңге болса, іс жүзінде баға бірдей болып қалады. Бұл жағдайда даяшы шайпұл талап ете алмайтынын түсіну маңызды, - деді ол.
Талқылау қорытындысы бойынша Сауда министрі бизнес пен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қоғамдық тамақтану саласындағы ережелерді жақсарту бойынша бірлесіп жұмыс істеп, ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол министрліктің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп әзірленетін барлық ұсынысты қарауға дайын екенін айтты. Арман Шаққалиев талқылауға белсенді қатысқандары үшін бизнес қауымдастыққа алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық тамақтану нысандарында қызмет көрсету үшін ақы алудың заңдылығын талқылауға Ұлттық тұтынушылар палатасы бастамашы болған еді. Мәселе тұтынушылар бірлестіктері мен бизнес өкілдерінің қатысуымен Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте қаралды.