Қандай заттарды пойызда алып жүруге болмайды?

24 Шілде 2026, 20:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 24 Шілде 2026, 20:21
24 Шілде 2026, 20:21
75
Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Жолаушылар тасымалы» АҚ қазақстандықтарға пойыздарда тасымалдауға тыйым салынған заттар тізімін еске салды. Қауіпті заттарды немесе қаруды алып кіруге әрекет жасау тек пойызға отырғызудан бас тартуға ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.

Жолға шығар алдында барлық жолаушы теміржол вокзалдарында міндетті тексеруден өтеді. Багажды тексеру үшін рентген қондырғылары, стационарлық және қол металл іздегіштер, сондай-ақ портативті детекторлар қолданылады. Вокзалдарда бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді, ал қауіпсіздікті полиция қызметкерлері мен күзет қызметі қамтамасыз етеді.

Пойызға мыналарды алып кіруге тыйым салынады:

  • жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар, салюттер мен отшашулар;
  • радиоактивті, есірткі және тез тұтанатын заттар, соның ішінде бензин, метанол және басқа да қауіпті сұйықтықтар;
  • тез тұтанатын қатты заттар;
  • улы және күшті әсер ететін заттар;
  • инфекциялық қауіп төндіретін материалдар;
  • атыс қаруының барлық түрлері, травматикалық, газды, электрлі және лақтырылатын қарулар, сондай-ақ суық қарулар – қылыш, қанжар, семсер, кастет және басқа да осыған ұқсас заттар;
  • оқ-дәрілер, оның ішінде әскери, травматикалық, бос және аңшылық патрондар.

Компания өкілдері қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Қазіргі таңда Talgo пойыздары мен стандартты құрамдарды қоса алғанда, 1 100 жолаушылар вагоны бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бейнежазбалар нақты уақыт режимінде мамандар ықтимал жағдайларды бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет ететін Ситуациялық орталыққа түседі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды сапар алдында тасымалдау ережелерімен танысып, жол жүру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Наверх