Қазақстан Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкіметтегі брифингте қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ержан Біржановтың айтуынша, аударымды кәсіпкерлік қызметке жатқызу үшін бірқатар нақты критерий бар.
Біз бұл нормаларды заңда бекітілген, ал Ұлттық банк тиісті ережелерді қабылдады. 15 сәуірге дейін банктерден белгіленген критерийлерге сәйкес бірінші тоқсан бойынша деректерді аламыз. Яғни “қызыл жалаушалар” бойынша банктер мәліметтерді іріктеп, бізге ұсынады. Одан кейін екінші кезеңде бұл деректерді камералдық бақылау аясында пайдаланып, тиісті хабарламалар жібереміз. Хабарламалар салық есептілігі тапсырылғаннан кейін немесе түсіндірме берілген соң орындалды деп есептеледі. Ал сіз айтып отырған жағдай – біреудің кофесіне не түскі асына төлеп, кейін сол ақшаны қайтарып алу – мұндай аударымдар кәсіпкерлік белгілеріне жатпайды, – деді ол.
Сондай-ақ, Біржановтің сөзінше, туған күнге немесе басқа да шараларға ақша жинау да бұл критерийге кірмейді. Одан әрі жеке тұлға мен жеке кәсіпкердің қызметін нақты ажырату қажет.
Мәселен, адамның кәсіпкерлік қызметіне арналған жеке шоты болса, мысалы, дүкені бар және QR арқылы төлем қабылдайды – бұл түсінікті жағдай. Ал егер ол жеке кәсіпкер бола тұра, жеке тұлға ретінде карта ашып, оған туған күнге немесе тойға ақша аударылса, біз оны көргенімізбен, кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырмаймыз, – деп түсіндірді Ержан Біржанов.
Еске салсақ, Қазақстанда ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге өседі. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.