Жалпы дұрыс тамақтану, диета ұстау арқылы ағзаны қалай емдеуге болады? Диетаның қандай емдік түрлері бар? BAQ.KZ тілшісі "Оқжетпес" ЕСК тамақтану қызметінің меңгерушісі Елена Житниковскаядан осы сұрақтардың жауабын сұрап көрді.
Елімізде салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанатындар қатары көбейіп келе жатыр. Әлеуметтік желілерде дұрыс тамақтанудың жолын үйрететін және денсаулыққа пайдалы мәзірлер жайлы ақпарат тарататын парақшаларды жиі кездестіреміз.
- Елена ханым, әңгімемізді алдымен шипажайда емделушілерге жасалатын жағдай, оларға қандай пайдалы тағамдар ұсынылатынын бастасақ... Қазақтың ұлттық тағамдары да мәзірде бар ма?
Емдеу-сауықтыру кешенінде емделушілердің тамақтануына да ерекше көңіл бөлінеді. Салауатты және толыққанды тағам емдеу процесінің ажырамас бөлігі екенін мамандар ұстанып келеді.
Мәзір құрастырған кезде маусымдық ерекшеліктер ескеріледі. Соған сай, шипажайда қысқы және жазғы мәзір де бар. Дәрігерлердің қосымша нұсқауы бойынша кейбір науқастардың диета ұстауына жағдай жасауға тырысамыз. Науқастар бізге аурудан айыққанымен әлсіздіктен арыла алмай жүрген кезеңде келеді. Осыған қарамастан, біз олардың бүкіл тілектерін ескеруге тырысамыз. Әр емделушінің қалауына түсіністікпен қарап, қажет болса қосымша тамақ береміз. Күн сайын күндізгі сағат 11-де жаңа пісілген қымыз ұсынамыз. Мәзірге қазақтың ұлттық тағамдарын қосуға тырысамыз. Сондықтан дастарханымыздан жент, құрттың түр-түрі, бауырсақ пен жаңа ұйытылған айран үзілмейді.
Әр жылдың ас мәзірі бекітілгенімен, кейбір емделушілерге арнайы мәзір жасалады.
Емделе жүріп, дене бітімін түзеп алғысы келетін емделушілер көп. Сондықтан, биыл біз құнарлылығы 1600-1800 ккал-ға дейін төмендетілген диеталық тағамды әзірлей бастадық. Сонымен қатар, вегетариандық бағыттағы мәзір жасаймыз. Яғни, әр емделушінің өмір философиясын ескереміз.
Ораза ұстап, өзге де діни бағытта тамақтан, судан тыйылатын адамдарға арналған мәзір де болады.
- Емдік тамақтану деген не?
Шипажайдағы емдік тамақтануды ұйымдастыру медициналық қызмет көрсетудің негізгі іс-шараларына жалпы емдеудің бір бөлігі ретінде кіреді. Кешеннің бейініне сәйкес мекемеде үнемі әрекет ететін №1,4,5,7,9,10,15 емдәмдер, бірақ қажет болған жағдайда медициналық көрсеткіштер бойынша жалпыға ортақ емдәмдердің бірі белгіленеді.
Емдеу-сауықтыру кешенінде төрт мезгіл тамақтану және қымыз ұйымдастырылған.
Медициналық көрсеткіштер бойынша жиі тамақтануды қажет ететін жекелеген топтар үшін дәрігерлердің тағайындауы бойынша қосымша тамақ тағайындалады немесе жеке кесте тағайындалады.
таңғы ас: 09:00 - 10:00
Қымыз: 11:30 - 12:00
түскі ас: 13:30 - 14:30
бесіндік ас: 17:00 - 17:30
Кешкі ас: 19:00 - 20:00
- Шипажайға келушілер қандай диетаны ұстанады?
"Оқжетпес" шипажайында певзнер диета жүйесі қолданылады. Оның 15 түрінің №5 диетасы асқазан-ішек аурулары бар науқастарға, №7 диетасы бүйрек аурулары бар адамдарға қолданылады. Бұл - калориясы төмен диета. Ал №8 диета түрі артық салмағы бар адамдарға, №9 қант диабетімен ауыратын адамдарға, №10 - жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратындарға арналған тұзсыз диета.
Сондай-ақ әртүрлі аурулары бар науқастарға нақты бір тағамдарды тұтынуға тыйым салынады. Себебі тыйым салынған тағамды жесе, ауруы асқынып кетуі мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігерлер науқастарға белгілі бір диеталық кестелер береді.
- Эндоэкологиялық диета жайлы да естуіміз бар. Ол тәжірибеде қалай қолданылады? Ағзаға тигізер әсері қандай?
Шипажай ағзаны токсин мен шлактардан тазарту үшін эндоэкологиялық диета дайындаған. Бұл диетада пациентке төмен калориялы тағамдар мен дәрі-дәрмектер беріледі. Науқас бұл диетаны өз қалауы бойынша таңдайды. Мұндай диетамен жылына шамамен 20-25 адам емделеді.
Эндоэкологиялық диетаны ұстанған адам 7 күнде шамамен 3-4 келі салмақ тастайды.
- Шипажайға келетін қонақтарыңыз, жалпы азаматтарымызға қандай кеңес бересіз?
Шипажайдың барлық қонағына салауатты және белсенді өмір салтын ұстануға кеңес береміз.
- Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамын.