Қандастарға елімізде өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі - Дүйсенова

29 Қараша 2022, 11:00
1162
Бөлісу:
Қандастарға елімізде өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі - Дүйсенова

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тамара Дүйсенованың мәлімдеуінше, «Ашық Қазақстан 500+»  көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының төртінші бағыты этникалық көші-қонды реттейді.

Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар. Біріншіден, шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды елімізде жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады, - деді  Дүйсенова.

Дүйсенованың айтуына қарағанда,  мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады.

Оларды тарихи отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынып отырмыз. Екіншіден, елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады, - деді ведомства басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы