Елордада өтіп жатқан «Astana Media Week» медиаапталығында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мемлекеттік органдардың ақпарат тарату сапасы, журналистердің брифингтерде сұрақ қою мәдениеті және БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда ақпаратты сауатты жеткізе алатын ресми өкілдер институтын дамыту қажет.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің бәрі бірдей ақпаратты көпшілікке түсінікті әрі жүйелі жеткізе алмайды. Бұл олардың өз саласында кәсіби маман болуына кедергі емес, алайда қоғаммен байланыс кезінде қиындық тудыруы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілер де біз сияқты адамдар. Бірі ойын әдемі әрі жүйелі жеткізе алады, енді бірі өз жұмысын жақсы атқарады. Сондықтан мемлекеттік органдарда ақпаратты дұрыс жеткізе алатын спикерлерге қатысты мәселе бар. Қазір ресми өкілдер институтын күшейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Қанат Ысқақов.
Журналистердің өзін-өзі реттеуі неге маңызды?
Қанат Ысқақов журналистік ортадағы тағы бір мәселе ретінде кәсіби бірлестіктің әлсіздігін атады. Оның сөзінше, журналистер ортақ этикалық қағидаларды қалыптастыру және бір-бірін қорғау үшін бірігуі керек.
Вице-министр барлық мәселені заң арқылы реттеу мүмкін емес екенін атап өтті. Әсіресе суицид тақырыбын немесе балаларға қарсы қылмыстарды жариялау кезінде кәсіби этиканың маңызы зор.
Оның пікірінше, мұндай мәселелерді журналистердің өздері бірлесіп әзірлеген ережелер арқылы да реттеуге болады. Алайда кәсіби ортада ортақ ұйым құру мен бірыңғай қағидаларды қабылдау мәселесі әлі де өзекті.
БАҚ туралы заңды талқылауға журналистер қатыса ма?
Медиаапталық аясындағы талқылауда БАҚ және онлайн-платформалар туралы заңға енгізілетін түзетулер мәселесі де көтерілді. Жиынға қатысушылар жұмыс тобының құрамында медиа саласының өкілдері жеткіліксіз екенін айтты.
Қанат Ысқақов бұл ұсынысты қарастыруға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, журналистерді заң жобасын талқылау процесіне қосу мәселесін жұмыс тобының жетекшісімен бірге пысықтау жоспарланған.
БАҚ туралы заңды медиа өкілдерінің қатысуынсыз қалай қарастырып, қабылдауға болады? Бұл мәселені шешуге дайынбыз. Жұмыс тобына медиа өкілдерін қосу мүмкіндігін пысықтаймыз. Ол үшін журналистік қауымдастық өз өкілдерін ұсынуы керек, – деді вице-министр.
Вице-министр мәселені жақын уақытта шешу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін «Qazcontent» басшысы Әділ Сейфуллин медиаплатформада қате ақпарат жариялаған БАҚ-тың жауапкершілігі мен журналистік этика мәселесін көтерді.