Журналистің жауапкершілігі қайда? Әділ Сейфуллин ақпарат таратудағы қателіктер туралы айтты

«Qazcontent» басшысы Әділ Сейфуллин қате ақпарат жариялаған БАҚ-тың жауапкершілігі мен журналистік этика мәселесін көтерді.

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов 15 Қазан 2026, 14:50
15 Қазан 2026, 14:50
64
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Елордада өтіп жатқан «Astana Media Week 2026» халықаралық медиа платформасында «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин журналистік жауапкершілік, жалған ақпарат тарату және кәсіби этика мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, кейбір ақпарат құралдары қате мәлімет жариялағаннан кейін кешірім сұрамай, жаңалықты жай ғана өшіріп тастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әділ Сейфуллин журналистердің кәсіби жауапкершілігіне тоқталып, ақпарат тарату кезінде заң талаптары мен этикалық нормаларды сақтау маңызды екенін айтты.

Ол мысал ретінде көрші елдегі стадион құрылысының құны туралы ақпаратты келтірді. Оның сөзінше, бастапқыда Қазақстандағы арена құрылысының құны көрші елмен салыстырылып, қоғамда сын айтылған. Алайда кейін жарияланған мәліметтің қате екені анықталған.

«Ал осы ақпаратты көшіріп жариялаған БАҚ қандай да бір жауапкершілік алды ма? Ең болмағанда журналистік қауымдастық тарапынан шара қолданылды ма?» – деді Әділ Сейфуллин.

Ол сондай-ақ бір әйелді көзі тірісінде қайтыс болды деп жариялаған жағдайды еске алды. Спикердің айтуынша, сол кезде кейбір ақпарат құралдары жаңалықты жариялағанымен, кейін кешірім сұрап немесе теріске шығару берудің орнына оны өшіріп тастаған.

«Бұл жерде журналистің жауапкершілігі туралы мәселе туындайды», – деді ол.

Әділ Сейфуллиннің пікірінше, аудитория жинау үшін асығыс ақпарат жариялау журналистикаға деген сенімге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ақпарат құралдары жаңалықтың дұрыстығын тексеріп қана қоймай, қате кеткен жағдайда оны ашық мойындап, тиісті түзету енгізуі керек.

Наверх