Астанада өткен Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығын дамыту форумы мен Үшінші халықаралық Жібек жолы байланыс конференциясында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын атап өтті. Ол қазіргі кезеңде өңір елдері арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту мен медиа және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету өзекті болып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр қазіргі таңда Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жан-жақты байланыстардың ішінде мәдени-гуманитарлық әріптестіктің қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Медиа – сенім мен әріптестіктің көпірі
Қанат Ысқақовтың айтуынша, Орталық Азия мен Қытай арасындағы өзара ықпалдастық тек саяси-экономикалық салада ғана емес, сенімді ақпараттық орта қалыптастыру мен стратегиялық медиа ынтымақтастық арқылы да нығайып келеді.
Цифрлық трансформация дәуірінде, жаһандық медиа кеңістік жаңа сын-қатерлерге тап болған тұста, біздің өңір ашық диалог пен ортақ даму идеяларын ұстанатынын көрсетіп отыр, – деді ол.
Қазақстан мен Қытай: медиадағы жаңа серіктестік деңгейі
Ысқақов Қазақстанның Қытаймен стратегиялық әріптестікке ерекше мән беретінін айтып, өткен жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға жасаған сапары кезінде қол қойылған екі маңызды құжатқа тоқталды. Атап айтқанда:
- ҚХР Радио және теледидар бас басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қытайдың ең ірі медиа құрылымы – CMG (China Media Group) корпорациясымен өзара түсіністік жөніндегі меморандум.
Осы құжаттар аясында бірнеше маңызды жобалар іске қосылды:
- Қазақстан мен Қытайдың туристік әлеуеті туралы бірлескен деректі фильм түсіру;
- «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған телехикаялар;
- Big Data, жасанды интеллект және медиа технологиялар салаларында журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарламалар.
Бұл бастамалар елдеріміз арасындағы медиалық интеграцияны тереңдетуге деген ортақ ниеттің дәлелі, – деді Ысқақов.
Бірыңғай ақпараттық кеңістік құру бастамасы
Вице-министр Қазақстанның Орталық Азияға арналған бірыңғай ақпараттық кеңістік идеясын ілгерілетіп отырғанын жеткізді. Бұл бастама өңірлік тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет өңірлік телеарна мен ортақ тележобалар құру мәселесін көтеріп келеді. Осы бағытта:
- «Қорқыт ата» тарихи телехикаясы,
- «Заковат»интеллектуалдық шоуы,
- «Қос қанат» телекөпірі секілді бірлескен жобалар жүзеге асырылды.
Сондай-ақ, медиа сарапшылар арасындағы өңірлік диалог та күшейе түсті. 2023 жылы өткен алғашқы Орталық Азия медиа форумы бірегей диалог алаңына айналды.
Ақпараттық қауіпсіздік пен жалған ақпаратқа қарсы тұру
Вице-министр жаһандық цифрлық кеңістікте фейк ақпараттар мен киберқауіптердің артуына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанда бұл мәселеге жүйелі түрде қарсы тұру тәжірибесі қалыптасқанын айтты. Осыған орай:
- «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қабылданды;
- Балаларды цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған құқықтық тетіктер жетілдірілді;
- stopfake.kz платформасы табысты жұмыс істеп келеді.
Біз бұл тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз және серіктестерімізбен ақпараттық қауіпсіздік саласында бірлескен механизмдерді әзірлеуге ниеттіміз, – деді ол.
Креативті индустрия – жаңа экономикалық драйвер
Қанат Ысқақов Қазақстанның креативті индустрияны дамытуға баса назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл бағытта:
- жас медиа жобаларға гранттар беру;
- салықтық жеңілдіктер ұсыну;
- шығармашылық хабтар құру;
- медиа стартаптарға қолдау көрсету секілді шаралар қабылдануда.
Вице-министрдің айтуынша, мәдениет, тарих және технологияларды біріктіретін контентті «Бір белдеу, бір жол» аясында ортақ құндылыққа айналдыру қажет. Сонымен қатар, мәдени туризмді, жасыл экономиканы және инновациялық индустрияны дамытуға арналған медиа контент өндіруге күш біріктіру ұсынылды.
Болашаққа бағытталған медиа әріптестік
Қанат Ысқақов сөзінің соңында бірлескен медиа өндірісті кеңейту, журналистерді оқыту бағдарламаларын іске қосу, ұлттық контентті халықаралық стримингтік платформаларда ілгерілету және өңірлік журналистік қауымдастықтар арасында сенім орнату – алдағы негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.
Қазақстан аймақтағы серіктестерімен тең құқылы әрі өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын. Медиа мен мәдениет – бұл тек байланыс құралы емес, ұлттар арасындағы түсіністік пен сенімді нығайтудың тетігі, – деп түйіндеді сөзін вице-министр.