Қанат Бозымбаев Атырауда инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды

Бұдан бөлек, Атырау облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы қаралды.

2 Қазан 2026, 21:47
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 2 Қазан 2026, 21:47
2 Қазан 2026, 21:47
162
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларымен танысты.

Атырау қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409,2 шақырымды құрайды, тозу деңгейі – 62,3%. Ұлттық жоба аясында тозуы 95%-ға жеткен 8 шақырымға жуық учаскені жаңарту жоспарланған. 2030 жылға дейін қалада 26,6 шақырым жаңа жылу желісін тарту көзделіп отыр.

Өңірдегі электр желілерін жаңғырту аясында 110 кВ әуе желілерінің 114,6 шақырымы, 35 кВ желілердің 50,7 шақырымы және 6/10 кВ желілердің 238 шақырымы жаңартылады. Сондай-ақ 46 трансформаторлық қосалқы станса жаңғыртылып, 10,5 мыңнан астам автоматты есепке алу құралы орнатылады.

Бозымбаев кәріз тазарту құрылыстары мен булану алаңдарының жағдайын да тексерді. Ол ағынды суларды басқарудың ұзақ мерзімді шешімдерін әзірлеуді, су ресурстарына түсетін салмақты азайтуды және булану алаңдарын одан әрі кеңейтуге жол бермеуді тапсырды.

Оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстарының дайындығы 85%-ға жеткен. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. «Квадрат» булану алаңындағы рекультивация кезінде 1,7 млн текше метр лас тұнбаның 900 мың текше метрден астамы тазартылған.

Сондай-ақ қаладағы су тазарту нысандарын жаңғырту мәселесі қаралды. Қолданыстағы инфрақұрылымның жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болғанымен, нақты қуаты 90 мың текше метрді құрайды. 1939 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №1 стансаны жаңарту және апатты жағдайдағы №2 стансаның орнына жаңа блок салу ұсынылды.

Премьер-министрдің орынбасары коммуналдық инфрақұрылымды қаланың бас жоспарымен байланыстырып, қажетті қуаттарды тапшылық туындамай тұрып қалыптастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Атырау облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы қаралды. «Табиғат» КМК 21 арнаға қызмет көрсетеді. 2026 жылы арналарды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 399 млн теңге бөлінген.

Сапар соңында Қанат Бозымбаев жауапты органдарға инфрақұрылымдағы проблемаларды кейінге қалдырмай, дер кезінде шешуді және жаңғырту жұмыстарының ұзақ мерзімді нәтижесіне басымдық беруді тапсырды.

Наверх