- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қан аурулары қалай басталады: Дәрігер қауіпті белгілерді атады
Қан аурулары қалай басталады: Дәрігер қауіпті белгілерді атады
Гематолог әлсіздік, себепсіз көгеру мен «қою қан» секілді белгілерді елемеуге болмайтынын айтып, биохакингтің жасырын қаупі туралы ескертті.
Бүгiн 2026, 15:52
Жаз. Аптап ыстық. Кенеттен құйып өткен жаңбыр. Сол сәттегі дымқыл асфальт пен жаңбыр иісі еске түсті ме? Көпшілік үшін бұл – жай ғана жағымды әсер. Ал гематолог дәрігер үшін мұндай иістерге ерекше әуестік ағзадағы өзгерістің белгісі болуы мүмкін. Тіпті ол ауыр дерттің алғашқы белгісін қан талдауы нашарламай тұрып-ақ аңғартады. ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасының сарапшысы, гематолог-дәрігер Ермек Есжанов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында рефрактерлі анемиялар, «мінсіз» гемоглобин кезіндегі жасырын тапшылықтар және дәрігер бақылауынсыз жүргізілетін биохакингтің жүрек пен бауырға қаншалықты қауіпті болуы мүмкіндігін әңгімелеп берді. Дәрігермен бірге денсаулық пен патология арасындағы нәзік шекараны – жасырын тапшылықтарды анықтаудан бастап, бүгінде қазақстандықтарға қолжетімді таргеттік терапияға дейін талдап көрдік.
- Қандай жағдайда кәдімгі бозару мен әлсіздік дәрігерге жай темір тапшылығын емес, сирек кездесетін генетикалық ауруды ойландыруы керек?
- Егер клиникалық көрініс қарапайым темір тапшылығы анемиясына мүлде сәйкес келмесе, онда тұқым қуалайтын патология немесе жүйелік бұзылысқа күмән туындайды. Ең маңызды белгінің бірі – емге көнбеу. Яғни адам микроэлементтер қабылдағанымен гемоглобин көрсеткіші көтерілмейді, ал ферритин қоры жоғары күйінде қалады. Сонымен қатар қан талдауында лейкоциттер мен тромбоциттердің қалыптан тыс өзгерістері қатар байқалса, диагностикалық іздеуді кеңейту қажет.
Гематологиядағы басты қағида – көрсеткішті емес, оның себебін емдеу.
- Гематологияны жиі «медициналық детектив» деп атайды. Қан ауруы басқа бір дерттің бетпердесі болып шыққан жағдайлар кездесті ме?
- Гематологтар қан талдауындағы өзгерістердің ағзадағы басқа жүйелік процестің көрінісі ғана болатын жағдайлармен жиі кездеседі. Анемия асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруларынан, қабыну процестерінен, аутоиммунды және онкологиялық дерттерден туындауы мүмкін. Сондықтан дәрігердің міндеті тек зертханалық көрсеткіштермен шектелмеу, науқастың жағдайын жан-жақты саралау. Гематология клиникалық ойлауды және пәнаралық тәсілді қажет етеді.
- Бұрын шетелде ғана жасалатын, қазір Қазақстанда қолжетімді болған зерттеулерге мысал келтіре аласыз ба?
- Бұрын науқастар кейбір процедура үшін қомақты қаржы жұмсап, шетелге баруға мәжбүр болатын. Қазір көптеген зерттеуді Қазақстанда жасауға мүмкіндік бар. Мысалы, цитогенетика ішінара болса да қолжетімді. Әзірге барлық жерде емес, бірақ бұл бағыт дамып келеді. Біз орындайтын маңызды зерттеулердің бірі – BCR/ABL бойынша сандық ПТР талдауы. Бұл созылмалы миелолейкозға тән негізгі маркердің бірі. Мұндай талдау диагноз қою үшін ғана емес, әрі қарайғы ем тактикасын анықтау үшін де өте маңызды.
- Қазіргі медицина деңгейі елге байланысты ма?
- Қазір адамның қай елде жүргенінен гөрі, дәрігердің тәжірибесі маңыздырақ. Біздің мамандар шетелде білім алып, үйренгенін осында қолданып жүр. Сонымен қатар біз мультидисциплинарлық командамен жұмыс істейміз. Яғни науқасты бір уақытта бірнеше маман бақылауда ұстайды. Бұл – ауруханамыздың басты артықшылықтарының бірі.
- Бүгінде онкогематологияда қандай емдеу әдістері қолданылады?
- Бұрын негізінен тек химиятерапия болатын, әрі ол өте ауыр өтетін. Қазір таргеттік терапия секілді жаңа тәсілдер пайда болды. Оның әсері анағұрлым нүктелі, нақты бағытталған. Дегенмен бұл әдіс әлі де белсенді зерттеліп жатыр. Еуропа мен Кореяда кеңірек қолданылады, біз де соған қарай келе жатырмыз. Ал гематологиядағы негізгі диагностика мен емдеу тәсілдері әлем бойынша бірдей. Себебі біз қанмен жұмыс істейміз, ал қан сүйек кемігінде түзіледі. Мұнда ерекше жаңалық ойлап табу қиын, халықаралық стандарттар ортақ.
- Науқастар гематологқа көбіне қандай мәселемен келеді?
- Ең жиі кездесетіні – анемия. Бірақ мұнымен көбіне терапевт айналысады. Бізге жүктілікті көтере алмау мәселесімен келетіндер көп: дамымай қалған жүктілік, түсік тастау секілді жағдайлар. Мұндай кезде біз гинекологтармен және генетиктермен бірге жұмыс істейміз. Науқасты босанғанға дейін, кейде одан кейін де бақылауда ұстаймыз. Негізгі қауіп – тромбоз. Қан жүйесіндегі бұзылыстар ұрықтың қан айналымына әсер етуі мүмкін.
- Ерлер денсаулығына қатысты жағдай қандай?
- Ер адамдар, әдетте, мәселе ушығып кеткенде ғана келеді. Көбі «қаным қою» деп шағымданады. Бұл көбіне өмір салтына байланысты: темекі шегу, күйзеліс, аз қимылдау, артық салмақ. Мұның бәрі тромбоз қаупін арттырады. Сондықтан қауіп факторлары болса, кемінде жарты жылда бір рет қан талдауын тапсырған дұрыс.
- Қан ауруларын қандай белгілерден байқауға болады?
- Ең жиі кездесетін белгілер:
• әлсіздік, тез шаршау
• бас ауруы
• беттің қызаруы
• аяқ-қолдың ұюы
• ісіну
• жүрек қағысының жиілеуі
• жиі есінеу (гипоксия белгісі ретінде)
Сондай-ақ себепсіз көгерулердің пайда болуы да алаңдатады. Бұл қанның ұю жүйесіндегі немесе тамырлардағы мәселені көрсетуі мүмкін.
- Адам өзіне өзі көмектесе ала ма?
- Өзін-өзі емдеуге болмайды. Бұл – үлкен мәселе. Қазақстанда көптеген тексеру тегін қолжетімді. Ең бастысы – дәрігерге бару. Кем дегенде жалпы қан талдауын тапсыру қажет. Қажет болса ферритин, темір және В тобы дәрумендерін тексерген жөн.
- Өмір салтына қатысты негізгі кеңестер бар ма?
- Әрине. Қан жағдайына тікелей әсер ететін қарапайым дүниелер бар:
• су теңгерімін сақтау (дене салмағының әр килограмына шамамен 30 мл су)
• көбірек қозғалу
• дұрыс тамақтану
• күйзелісті азайту
- Биологиялық белсенді қоспаларға көзқарасыңыз қандай?
- Мен ББҚ-ға қарсы емеспін. Бірақ олардың емдемейтінін түсіну керек. Олар қолдау және алдын алу үшін қажет. Ал толыққанды емнің орнына қолданылса – бұл проблема.
- Қазір онкогематологиялық аурулар қаншалықты жиі кездеседі?
- Бұл аурулар «жасарып» кетті дегеннен гөрі, жиірек анықтала бастады деген дұрысырақ деп ойлаймын. Бұрын диагностиканың мүмкіндігі аз болатын. Қазір мүмкіндік көбейді, алғашқы медициналық буын да жақсырақ жұмыс істей бастады. Бір жағынан бұл статистиканы жақсартады, екінші жағынан нақты көріністі көрсетеді.
- Неліктен гематологияны таңдадыңыз?
- Мен еңбек жолымды онкологиялық орталықта бастадым: санитардан дәрігерге дейінгі жолдан өттім. Онкогематологияда, реанимацияда жұмыс істедім. Соның бәрі бұл науқастарға көмектің қаншалықты қажет екенін түсіндірді. Оның үстіне маман тапшы. Гематолог аз, жүктеме өте көп.
- Жұмысыңызда сізге ең көп күш-қуат беретін не? Ғылыми жаңалық па, сирек диагнозбен күрестегі жеңіс пе, әлде науқастың алғысы ма?
- Ең маңызды нәтиже – науқастың өмір сапасының жақсаруы. Ауыр жағдайдан қалыпты әлеуметтік және кәсіби өмірге қайта оралуы – емнің ең үлкен көрсеткіші.
- Пациенттеріңізге, жалпы оқырмандарымызға қандай кеңес бересіз?
- Өзін-өзі емдеумен және мамансыз талдауларды түсіндірумен айналыспау керек. Ағзаның белгілеріне уақытында назар аударып, білікті медициналық көмекке жүгіну маңызды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ең оқылған:
- "Өмір үшін күрес": Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы ұлына үн қатты
- Жамбыл облысында СОБР инспекторы казармада өз-өзіне оқ атты
- «Бесінші баласын босанғанын ұмытып қалған»: Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы әлі де белгісіз
- Мұнай, НАТО және Ормуз: Әлем жаңа кезеңге өтті ме?
- Түркістан облысында адам өлімі тіркелді: Күдікті 9-сынып оқушысы