COVID-19-дан жазылып шыққан Қамалжан Надыров ресми түрде қызметіне кірісті

2 Маусым 2020, 11:14
1583
Бөлісу:
COVID-19-дан жазылып шыққан Қамалжан Надыров ресми түрде қызметіне кірісті

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Қамалжан Талғатұлы Надыров Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметіне ресми түрде кірісті.

Қазіргі тағайындауға дейін ол Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарды.

Қамалжан Надыров 1983 жылы 27 ақпанда дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін емдеу ісі мамандығы бойынша, Тұран университетін – экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі. 

Сондай-ақ, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін (Execuitive MBA) бітірген, "The Fuqua School of Business" Duke University-де (АҚШ), "Parkway College" (Сингапур) оқу орындарында білім алған.

Еңбек жолын 2007 жылы интерн-дәрігер, клиникалық ординатор, бөлім меңгерушісі, Б.О. Жарбосынов атндағы "Урология ғылыми орталығы" бас директорының орынбасары болып бастады.

2014 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2015-2017 жылдары "Республикалық диагностикалық орталық" ("University Medical Center") директоры қызметін атқарды.

2017-2019 жылдары Астана қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болды.

2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Еске сала кетейік, 22 сәуірде Камалжан Надыровтан COVID-19 инфекциясы анықталған болатын. Сондай-ақ, ол қалай емделіп жатқанын айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы