Қаланың дамуы құрылыс көлемімен емес, тұрғындардың мүмкіндігімен өлшенуі керек – Әлия Дәуешова

Қалаларды жоспарлауда адам қажеттілігі мен адами капиталды дамытуға басымдық беру ұсынылды.

 ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков 6 Қараша 2026, 15:49
6 Қараша 2026, 15:49
113
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Қаланың табысты дамуын тек салынған нысандардың саны немесе игерілген инвестиция көлемі арқылы бағалау дұрыс емес. Ең бастысы – қала тұрғындарына білім алуға, жұмысқа орналасуға, кәсіби тұрғыдан өсуге және өмір сапасын жақсартуға қаншалықты мүмкіндік беріп отырғаны маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі директорының орынбасары Әлия Дәуешова «Sarap» сарапшылар клубының Президент Жолдауын талқылауға арналған отырысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, урбанизацияның экономикалық тиімділігі халықтың, инвестиция мен инфрақұрылымның бір жерге шоғырлануымен ғана шектелмеуі керек. Қаланың басты міндеті – адами әлеуетті дамытуға жағдай жасау. Ол үшін тұрғындардың сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіби қабілетін жүзеге асыруына және лайықты өмір сүруіне мүмкіндік болуы қажет. Сондықтан қаланы тек тұрғындар мен өндіріс орындары шоғырланған аумақ емес, адам дамуына жол ашатын орта ретінде қарастыру маңызды.

Қаланы дамыту стратегиялары адам мүддесіне бағдарлануға тиіс. Мұндай жоспарлау демографиялық болжамдарға, болашақтағы жұмыспен қамту құрылымына және халықтың қажеттіліктеріне негізделуі керек. Тұрғын үй құрылысы, көлік жүйесі, білім беру, медицина және әлеуметтік инфрақұрылым өзара үйлесімді жоспарлануы қажет. Өйткені қаланың әр саласы бір-бірімен байланысты. Оларды жеке-жеке дамыту тұрғындардың нақты қажеттіліктерін толық ескеруге мүмкіндік бермейді», – деді Әлия Дәуешова.

Оның пікірінше, қала саясатының тиімділігін бағалау өлшемдерін де кеңейту қажет. Қазір бұл бағытта инвестиция көлемі, құрылыс қарқыны және пайдалануға берілген инфрақұрылым нысандарының саны сияқты көрсеткіштерге басымдық беріледі. Алайда мұндай деректер қаланың тұрғындар үшін қаншалықты қолайлы екенін толық көрсете алмайды. Сондықтан дәстүрлі көрсеткіштерді қызметтердің нақты қолжетімділігі, жол жүруге жұмсалатын уақыт, қалалық ортаның сапасы және тұрғындардың кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері сияқты индикаторлармен толықтырған жөн.

Қала саясатының нәтижесін бағалағанда, тек қанша инвестиция тартылғанына немесе қанша нысанның пайдалануға берілгеніне қарамауымыз керек. Тұрғындар қажетті қызметтерге қаншалықты қол жеткізе алады, жолға қанша уақыт жұмсайды, қалалық орта олардың өмір сүруіне және кәсіби дамуына қаншалықты қолайлы – осы мәселелер де назарда болуы тиіс. Өйткені қаланың дамуы ең алдымен адамдардың күнделікті өмірінен көрінуі керек, – деп атап өтті спикер.

Әлия Дәуешова қалаларды басқаруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға да назар аударды. Оның сөзінше, цифрлық егіздерді қалалық инфрақұрылымды визуализациялау құралы ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Бұл технологиялар демографиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді болжауға, қаланың даму сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік беруге тиіс. Сондай-ақ басқарушылық шешімдердің ықтимал салдарын оларды іске асырмай тұрып бағалауға жол ашуы қажет.

Спикер инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың қоғамдық тиімділігін бағалау мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды бағалағанда экономикалық тиімділікпен шектелуге болмайды. Жобалардың жұмыспен қамтуға, қызметтердің қолжетімділігіне, адами капиталдың дамуына және халықтың өмір сапасына әсері де ескерілуі қажет. Осыған байланысты мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды кешенді бағалау жүйесін енгізу ұсынылады.

Инфрақұрылымдық жобаның тиімділігі тек оның экономикалық көрсеткіштерімен өлшенбеуі керек. Мұндай жобалардың халықты жұмыспен қамтуға, қажетті қызметтерге қол жеткізуіне, адами капиталдың дамуына және жалпы өмір сапасына ықпалын да бағалау маңызды. Себебі инфрақұрылымға салынған инвестицияның қоғамдық пайдасы тұрғындардың өміріне әкелген нақты өзгерістері арқылы көрінуі  керек, – деді ол.

Қорытындылай келе, Әлия Дәуешова қаланың табысты дамуының басты көрсеткіші құрылыс ауқымы немесе игерілген инвестиция көлемі емес, тұрғындардың экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерінің кеңеюі болуы керектігін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отырғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз: «Халықтық құрылыс»: Қазақстан қалаларында нені өзгерту керек? 

Қазақстанға үш ірі қала жеткіліксіз: Өңірлік орталықтарды дамыту неге маңызды? 

Наверх