Қазақстанға үш ірі қала жеткіліксіз: Өңірлік орталықтарды дамыту неге маңызды?

Сарапшы өңірлердегі көші-қон, инвестиция тапшылығы және білікті мамандарды ұстап қалу мәселесін көтерді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 6 Қараша 2026, 15:45
6 Қараша 2026, 15:45
117
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Қазақстанға Астана, Алматы және Шымкентпен шектелмейтін, экономикалық әлеуеті жоғары өңірлік орталықтар желісі қажет. Өйткені халықтың ірі қалаларға жаппай көшуі өңірлер арасындағы теңсіздікті күшейтіп, облыс орталықтарының әлсіреуіне әкеліп отыр. Ал қаланың шынайы өсім нүктесіне айналуы үшін тұрғын үй мен құрылыс көлемін арттыру аздық етеді. Ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және білікті мамандарды өңірде ұстап қалу. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы «Sarap» сарапшылар клубының Президент Жолдауын талқылауға арналған отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда урбандалу қарқыны жоғары болғанымен, халықтың орналасуы біркелкі емес. 2021–2025 жылдары Астана, Алматы және Шымкент қалаларының халқы 721,8 мың адамға өскен. Оның 417,8 мыңы ішкі көші-қон есебінен келген. Яғни, еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударған азаматтар саны осынша болған.

Қаланың өсім нүктесіне айналуы тұрғындарының санымен немесе құрылыс көлемімен өлшенбейді. Ол жаңа әрі өнімді жұмыс орындарын ашып, жеке капиталды тартып, адами капиталды дамытып, экономикалық өсімнің игілігін айналасындағы аумақтарға да жеткізе алғанда ғана осындай мәртебеге ие болады. Сондықтан біз жекелеген қалаларды емес, еліміздегі қалалардың тұтас жүйесін қарастыруымыз керек, – деді Нұрболат Құрметұлы.

Оның сөзінше, елордадағы көші-қон көрсеткіштері де бұл үдерістің ауқымын аңғартады. 2015 жылы Астананың өңіраралық көші-қон сальдосы –2,5 мың адам болса, 2025 жылы бір жылдың өзінде +87,5 мың адамға жеткен. Ал өңірлердің басым бөлігі халық алмасуында тұрғындарынан айырылып отыр. Сарапшы мұны полицентрлі даму емес, халықтың бір бағытқа қарай шоғырлануы деп бағалайды.

Мәселе тек халық санының өсуінде емес. Ірі қалалардың экономикасы тұрғындар саны сияқты қарқынды дамып жатыр ма? Әрдайым олай емес. Мысалы, Астана агломерациясында қала маңындағы ауыл халқының саны бес жылда 121,9 мыңнан 181,5 мың адамға дейін өсті. Алайда жұмыс орындары әлі де елордада шоғырланған. Шымкент агломерациясында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Жұмыспен қамтылғандар саны негізінен қаланың өзінде артқанымен, оған іргелес кейбір аумақтарда керісінше азайған, – деді ол.

Оның пікірінше, қалалар аумағын кеңейтіп жатқанымен, ішкі экономикалық әлеуетін қатар дамыта алмай отыр. Тұрғындар мен тұрғын үйлер көбейгенімен, жұмыс орындары, көлік қатынасы және әлеуметтік инфрақұрылым бұл қарқынға ілесе алмай келеді.

Облыс орталықтары неге халықты ұстап қала алмайды?

Нұрболат Құрметұлы облыс орталықтарының жағдайына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұрын халықтың қоныстану жүйесі белгілі бір тәртіппен қалыптасатын: тұрғындар ауылдан аудан орталығына, одан кейін облыс орталығына көшетін. Қазір бұл жүйе өзгеріп, ауыл тұрғындары көбіне аудан мен облыс орталықтарын айналып өтіп, бірден ірі қалаларға қоныс аударады.

Өңірлік орталықтардың даму қарқыны да әртүрлі. Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалалары еңбек нарығының дамуы мен табыс деңгейінің жоғарылығына байланысты халықты тартып отыр. Қонаев қаласының өсуіне Алматыға жақын орналасуы әсер етеді. Ал Петропавл, Көкшетау, Орал, Өскемен және Жезқазғанда көші-қон сальдосы теріс. Семей халқының саны бес жылда 7,2 пайызға қысқарған.

Облыс орталығы мәртебесінің өзі қаланың дамуына кепілдік бермейді. Егер онда қуатты еңбек нарығы қалыптаспаса, қала уақытша аялдамаға айналады. Жас адам мұнда оқуға келеді де, кейін басқа жаққа кетеді. Облыс орталығы әлсіресе, тұтас өңірдің әлеуеті де төмендейді. Өйткені ауылда өндірілген өнімді өткізетін нарық, қолжетімді медицина мен сапалы білім беру қызметтері жетіспейді, – деп түсіндірді сарапшы.

Инвестицияның басым бөлігі қайда бағытталып жатыр?

Сарапшы елдегі негізгі қорлардың бірнеше өңірде шоғырланғанына назар аударды. Оның айтуынша, негізгі қорлардың 55 пайыздан астамы Атырау облысына, Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Ал еңбек ресурстарының 30 пайыздан астамы шоғырланған оңтүстік макроөңірдегі негізгі қорлардың үлесі 9 пайызға да жетпейді. Демек, еңбек күші бір жерде, ал капитал екінші жерде шоғырланған.

Қалалардағы инвестиция құрылымына қатысты деректер де осы мәселені көрсетеді. 2025 жылы облыстық маңызы бар қалаларда жылжымайтын мүлік операцияларына шамамен 1,29 триллион теңге бағытталған. Бұл өңдеу өнеркәсібіне салынған 1,10 триллион теңгеден көп. Түркістан, Тараз, Орал, Өскемен және Қонаев қалаларында жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция көлемі бүкіл өнеркәсіп саласына бағытталған қаражаттан асып кеткен.

Тұрғын үй құрылысы, әрине, қажет. Бірақ оның экономикалық әсері тез байқалғанымен, бір реттік сипатта болады. Қаланың тұрақты табысын өз өнімдері мен қызметтерін басқа өңірлерге де ұсына алатын өндіріс пен қызмет көрсету салалары қамтамасыз етеді. Олардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, логистика, IT және инженерлік қызметтер бар. Сапалы жұмыс орындары дәл осы салаларда қалыптасады, – деді Нұрболат Құрметұлы.

Білікті мамандарды өңірде қалай ұстап қалуға болады?

Сарапшы өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін тағы бір фактор ретінде адами капиталды атады. Қазір Қазақстанда 670 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Олардың жартысынан астамы басқа өңірлерден келген. Ал докторанттардың төрттен үші Алматы мен Астанада оқиды.

Оның айтуынша, оқу үшін басқа қалаға қоныс аударған жастардың көбі кейін сол жерде тұрақтап қалады. Диплом алған соң жұмысқа орналасады, отбасын құрады және туған өңіріне оралмайды.

Адами капиталды қаланың жай ғана әлеуметтік көрсеткіші деп қарастыруға болмайды. Бұл – инвестордың қай қаланы таңдайтынына әсер ететін экономикалық фактор. Инвесторға саябақтардың көптігі емес, қажетті мамандардың қолжетімділігі маңызды. Ол жүз инженер мен үш жүз білікті жұмысшыны қайдан таба алатынын ойлайды. Сондықтан облыс орталықтарында мамандар даярлау сол өңірдің экономикалық мамандануымен сәйкес келуі керек. Колледж, жоғары оқу орны және жұмыс беруші бір команда ретінде жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе біз мамандарды басқа қалаларға дайындап береміз, – деп атап өтті ол.

Нұрболат Құрметұлы білікті кадрларды өңірде ұстап қалу үшін қалалық ортаның сапасын да назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Оның пікірінше, қаланың жайлылығы тек абаттандырумен өлшенбейді. Жас отбасы үшін баспананың қолжетімділігі, жұмысқа жету уақыты, мектеп пен емхананың жақын орналасуы, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі әлдеқайда маңызды.

Егер осы талаптар орындалмаса, жалақысы жақсы болған күннің өзінде маман басқа қалаға көшіп кетуі мүмкін. Бұған қоса, халық саны жылдам өсіп жатқан қала маңындағы елді мекендерде құрылыс инженерлік желілердің, мектептер мен көлік инфрақұрылымының дамуынан озып кетіп жатыр. Соның салдарынан қаланың орталығы мен шеткі аудандары арасындағы алшақтық ұлғайып, қаланың өз ішінде де теңсіздік қалыптасады.

Өңірлік қалаларды дамыту үшін не істеу керек?

Сарапшы Қазақстандағы қалаларды дамыту саясатын олардың ерекшелігі мен экономикалық әлеуетіне қарай саралау қажет деп санайды. Ол төрт негізгі бағытты ұсынды.

Біріншісі – әр қалаға өзіндік даму бағытын айқындау. Агломерациялар, облыс орталықтары, моноқалалар мен шағын қалалардың міндеттері әртүрлі болуы керек. Агломерациялардың аумағын одан әрі кеңейтудің орнына, көлік қатынасын жақсартып, шеткі аумақтарда жұмыс орындарын ашу арқылы өзара байланыстыру қажет. Облыс орталықтары нақты экономикалық мамандануына сай өңірлік қызмет көрсету орталығына айналуы тиіс. Моноқалалар қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктен арылып, экономикасын әртараптандыруы керек. Бұған индустриялық аймағы бар Саран қаласын мысал етуге болады. Ал шағын қалалар үшін ең жақын өсім орталығына апаратын сапалы жол мен негізгі қызметтердің қолжетімділігі маңызды.

Екіншісі – инвестиция тиімділігін ашылған жұмыс орындары арқылы бағалау. Яғни, қанша қаражат салынғанына ғана емес, өңірдегі орташа жалақыдан жоғары еңбекақы төленетін тұрақты жұмыс орындарының санына да назар аудару қажет.

Үшіншісі – білім беру жүйесін жергілікті экономикамен байланыстыру. Бұл ретте оқу бітіргеннен кейін үш жыл өткен соң түлектердің қаншасы өз өңірінде жұмыс істеп жүргенін көрсететін нақты өлшем енгізу ұсынылады.

Төртіншісі – экономикалық өсімнің игілігін айналасындағы аумақтарға да жеткізу. Облыс орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін нарыққа, бүкіл облыс үшін өңдеу және логистика орталығына айналуы керек. Ал агломерацияларда ірі жобаларды іске асырған кезде олардың қала маңындағы тұрғындарды қаншалықты жұмыспен қамтығанына да мән беру қажет.

Сарапшының пікірінше, Астана, Алматы және Шымкент еліміздің негізгі экономикалық қозғаушы күштері болып қала береді. Олардың дамуын тежеудің қажеті жоқ. Алайда Қазақстандай аумағы үлкен мемлекет тек үш қалаға сүйеніп дами алмайды. Сондықтан әрқайсысының өзіндік экономикалық мамандануы, білікті кадрлары және адамдар өмір сүргісі келетін қолайлы ортасы бар қуатты өңірлік орталықтар желісін қалыптастыру маңызды.

Қаланың нағыз өсім нүктесіне айналғанын көрсететін басты өлшем өте қарапайым: егер жас адам өзі тұратын облыста болашағын елордадан емес, туған өңірінен көрсе, демек, сол қала өз міндетін атқарып отыр, – деп түйіндеді Нұрболат Құрметұлы.

Наверх